Газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді

Шымкент қаласында тұрғындардың тұрмыстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында газбен жабдықтау жүйесіне байланысты кешенді тексеру және алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, соңғы жылдары табиғи газбен улану жағдайлары жиі тіркеліп, бұл мәселе қоғам назарында тұрған еді. Осыған байланысты қала билігі нақты шараларды қолға алып, қауіп-қатердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізуде.

«Әлеуметтік желілерде айтылып жүргендей, газға байланысты мәселелер расымен де бар. Біз бұған бейжай қарай алмаймыз. Былтыр және биылғы жылдың басында газдан улану жағдайлары тіркелді. Тіпті бес шетелдік студент те осының зардабын шекті. Сол себепті ең басты мақсат – мұндай жағдайларды болдырмау және тұрғындардың өмірін қорғау», — деді Сәрсен Құранбек.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» қауіпті деп саналатын аймақтарда ауқымды тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте қызыл аймаққа кіретін Самал-3, Ақжайық, Нұрсәт, Күншығыс, Қайтпас, Спорт шағынауданы, сондай-ақ тәуекел аймаққа жататын Самал-1, Самал-2, 11, Сайрам, Көксай, Қызылжар, 112 орам, 5 және Қарасу шағынаудандары қамтылған.

«Қауіптің алдын алу мақсатында біз «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Шымкент өңірлік филиалына тиісті мәліметтерді жолдадық. Қазіргі таңда 2 025 абонент бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Газ жабдығында ақау табылған 230 үй газ жабдықтау жүйесінен уақытша  ажыратылды. Тағы 1 795 үйде техникалық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», — деп нақтылады қала әкімінің орынбасары.

Баспасөз мәліметінше, тексеріс барысында 810 абоненттің үйінде адам өміріне қауіп төндіретін ескі немесе ақаулы газ жабдықтары анықталған. Ақаулар жойылғанша бұл тұтынушылар да уақытша газ жүйесінен ажыратылған. Сонымен қатар, газ жүйесін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған. 2025 жылдың өзінде ғана ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 306-бабының 1-бөлігі бойынша 73 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1 миллионнан астам теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 305-бап бойынша 11 адамға айыппұл салынып, олардың төлем сомасы 304 мың теңгеден асқан.

Қала әкімдігі тұрғындарды тұрмыстық газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ газ иісі сезілген жағдайда дереу тиісті қызметке хабарлау қажеттігін ескертеді.

Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан бұл шаралар нәтижесінде келешекте газдан улану және тұрмыстық апат жағдайларының алдын алу деңгейі айтарлықтай төмендейді деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *