ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІННІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру бастамасы көтерілді. Бұл – еліміздің қаржы жүйесін жаңғырту мен цифрлық экономиканы дамыту жолындағы маңызды қадам.

Мемлекеттік қордың басты мақсаты – жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв қалыптастыру. Мұндай резерв ұлттық экономиканың тұрақтылығын нығайтып, жаһандық қаржы нарығындағы жаңа үрдістерге бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол елдің қаржылық егемендігін сақтап, цифрлық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Президент атап өткендей, кәсіпкерлер мен іскер қауым Қазақстанның цифрлық дамуының негізгі қозғаушы күші болуы тиіс. Цифрлық технологияларды бизнес-процестерге енгізу, инновациялық жобаларды ілгерілету, блокчейн және финтех салаларын дамыту – жаңа экономикалық модельдің өзегі. Бұл бағыттар отандық бизнестің ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады.

Цифрлық активтердің мемлекеттік қорының құрылуы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ұлттық мүддеге сай жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашады. Ол мемлекеттік және жекеменшік сектор арасындағы әріптестікті кеңейтіп, цифрлық капитал нарығын дамытудың берік негізін қалыптастырады.

Бұл бастама Қазақстанды өңірдегі цифрлық және қаржылық хабтардың бірі ретінде танытып, еліміздің инновациялық даму бағытын нақтылай түседі. Цифрлық активтер қоры – уақыт талабы мен жаһандық өзгерістерге жауап беретін жаңа буын экономикалық тетігі болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *