Бүгін Шымкент қаласында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған KISI GPS: Gylym. Pikir. Sayasat ұлттық сараптамалық алаңының «Қазақстанның тұрақты өңірлік дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар» тақырыбындағы отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған өңірлік саясаттың басым бағыттарын талқылау, олардың тиімді іске асырылу тетіктерін қарастыру және сараптамалық пікір алмасу болды. Отырыста өңірлердің цифрлық трансформациясы, экономикалық өсімнің тұрақтылығы мен әлеуметтік даму бағыттары кеңінен сөз болып, еліміздің өңірлік даму жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы, Қоғамдық кеңес өкілдері мен басқа да сарапшылар қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде өңірлердің тұрақты дамуына жүйелі көзқарас қалыптастырудың, цифрлық шешімдерді енгізудің және жергілікті қауымдастықтардың әлеуметтік тұрақтылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік саясаттың өзара байланысын күшейту арқылы өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударылды.
Алуа Жолдыбалина өз баяндамасында өңірлік теңгерімді дамытудың басты факторы – ғылым мен тәжірибеге негізделген басқару шешімдері екенін атап өтіп:
– Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – халықтың өмір сапасын арттыру. Ол үшін өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, цифрлық технологияларды енгізу мен экономикалық әртараптандыруды үйлестіре білу маңызды, – деді.
Сондай-ақ қатысушылар өңірлік басқарудағы инновациялық тәсілдер, кәсіпкерлікті қолдау шаралары және адами капиталды дамыту бағыттарын талқылап, бірқатар практикалық ұсыныстар жасады.
Жиын соңында өңірлік саясатты одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсыныстар пакеті әзірленді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай диалогтық алаңдар жергілікті басқару сапасын арттыруға, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Шымкентте өткен бұл кездесу өңірлік даму мәселелерін жаңа деңгейде қарастыруға жол ашып, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің сындарлы пікір алмасуына мүмкіндік берді.