ШЫМКЕНТ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА ОРАЙ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкентте жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Шымкент қаласында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тұрғындар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық әкімдіктердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде жүзеге асып отыр. Мамандардың үйлесімді еңбегінің арқасында ағымдағы жылы қала аумағында газдан улану фактілері тіркелген жоқ.

2025 жылғы 28 тамызда қала әкімінің бірінші орынбасары А. Кәрімов «2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жоспарын» бекіткен болатын. Аталған жоспарға сәйкес, қала аумағындағы әлеуметтік осал топқа жататын 1 073 отбасы есепке алынды. Оның ішінде Абай ауданында – 280, Әл-Фараби ауданында – 62, Еңбекші ауданында – 370, Қаратау ауданында – 129 және Тұран ауданында – 232 отбасы бар. Бұл санатқа көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалғызбасты зейнеткерлер кіреді.

Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында осы отбасылардың үйлерінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар, қайта аралау іс-шаралары жалғасып жатыр. Нәтижесінде 901 үй иесі мамандарды қабылдап, 109 үйге кіру мүмкін болмаған, ал 63 үйде тұрғындар болмаған. Жалпы есеппен 901 тұрғын үйде 5 895 адам қамтылып, өрт қауіпсіздігі мен улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру және нұсқаулық жұмыстары өткізілді.

Қосымша қауіпсіздік шаралары ретінде 88 дана газоанализатор орнатылып, 40-тан астам үйдің түтін мұржалары тазартылды. Жылыту маусымы қарсаңында қала бойынша барлығы 10 767 тұрғын үй араланып, 25 683 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында қаланың ірі сауда және ойын-сауық орталықтарындағы LED экрандарда («Отау», «BuyPark», «Mega», «ЦУМ», «Shymkent Plaza», «Фиркан City», «Shymkent City Mall», «Diamond Plaza», «Наурыз парк», «Heper Haus», «Аль-Фараби» және т.б.) өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында 18 ашық сабақ өткізіліп, оқушылар мен студенттерге арналған танымдық бейнематериалдар ұсынылды.

Мұндай кешенді іс-шаралар тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және қала халқының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *