ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ТОЛЫҚ ДАЙЫН

Шымкент қаласында қысқы маусымға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистралды көше бар. Биыл қысқы мезгілде аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын бес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберіндегі ұйымдар жүргізеді.

Ағымдағы жылға арналған дайындық аясында барлығы 243 арнайы техника толық тексеруден өтіп, қыс бойы жұмыс істеуге сақадай сай етілді. Сонымен қатар, қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында күніне 2000-ға жуық жұмысшы кезекшілікке шығарылады.

Қысқы маусымға дайындық шаралары аудандық деңгейде де жүйелі жүргізілуде:
• Абай ауданы – 8 бағыт, 80 магистралды көше, 37 техника;
• Әл-Фараби ауданы – 5 бағыт, 109 көше, 42 техника;
• Еңбекші ауданы – 5 бағыт, 83 көше, 49 техника;
• Қаратау ауданы – 83 магистралды көше, 53 техника;
• Тұран ауданы – 6 бағыт, 111 көше, 62 техника.

Қар тазалау барысын тиімді жүргізу және көше бойында мұз қатуының алдын алу үшін арнайы реагенттер мен инертті материалдар қоры жасақталды. Оның ішінде 25 мың м³ құм және 15 мың тонна тұз дайындалған. Бұл материалдар барлық аудан әкімдіктеріне теңдей үлестірілді.

Сондай-ақ, қарды уақытылы шығару үшін қала аумағынан арнайы қар төгу орындары белгіленді. Тиісті учаскелер аудан әкімдіктерімен бірлесіп анықталған және оған қажетті техника бағыты бекітілген.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты аясында коммуналдық саланың техникалық және кадрлық ресурстары толық қамтамасыз етіліп отыр. Осылайша, Шымкент қаласының коммуналдық қызметтері қысқы маусымдағы ауа райының кез келген қолайсыз жағдайларына дайын.

Тиісті мекемелер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда тұрғындардың өтініштері жедел қаралып, дер кезінде шара қолданылатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *