ШЫМКЕНТ: ҚАРАША АЙЫНДА БІРҚАТАР МӘДЕНИ ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қараша айында Шымкент қаласында және еліміздің басқа өңірлерінде өтетін мәдени іс-шаралар туралы толық ақпарат берді.

Қала әкімдігі жоспарлаған мәдени іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, тарихи мұра мен заманауи өнерді ұштастыруға, сондай-ақ шығармашылық қоғамдастық арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына кең мәдени бағдарлама ұсынумен қатар, Шымкенттің мәдени әлеуетін айқын көрсетуге мүмкіндік береді.

«Miras» халықаралық түркі сәндік этнодизайнерлері форумы

Атап айтқанда, 21-22 қараша күндері мегаполисте «Miras» халықаралық түркі сәндік этнодизайнерлері форумы өтеді. Бұл ірі мәдени платформа түркі дүниесінің мәдени байланысын нығайтып, ұлттық сән өнерінің заманауи бағыттарын дамытуға арналған. Форум барысында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, этно-дизайн бағытындағы шеберлік сабақтары, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен жәрмеңкелері, сондай-ақ сән көрсетілімдері ұйымдастырылады.

Форумның ең көрнекті бөлігі – отандық және шетелдік этнодизайнерлердің қатысуымен өтетін сән дефилесі. Көрермендерге сонымен қатар атақты «TURAN» этно-ансамблінің арнайы концерттік бағдарламасы ұсынылады. Барлық іс-шаралар «Қызғалдақ» сарайы мен Көрме орталығының сахнасында өтеді.

Шымкент қаласының мәдениет күндері – Абай облысында

Қараша айының соңғы аптасында, 27-30 қараша күндері, Шымкент қаласының мәдениет күндері Абай облысында ұйымдастырылады. Бұл мәдени іс-шара екі өңір арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға, шығармашылық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Шымкенттен аттанатын делегация құрамында белгілі зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері мен жас өнерпаздар бар. Бағдарлама аясында көрермендерге көрнекті жазушы, әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек және абайтанушы ғалым Ақжол Қалшабекпен шығармашылық кездесулер ұсынылады. Сондай-ақ, «Шымкент сазы» ансамблінің концерттік бағдарламасы, «Көне қала – Шымкент» атты көрме және әзіл-сықақ театрының «Не істеу керек?» қойылымы көрермен назарына ұсынылады.

Мақсат пен мәні

Сәрсен Құранбектің айтуынша, қараша айындағы мәдени шаралардың басты мақсаты – Шымкенттің бай рухани мұрасын дәріптеу, өңірдің мәдени әлеуетін көрсету және өнер арқылы халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар жергілікті таланттарды қолдап, жас өнерпаздардың шығармашылық дамуына жол ашады.

Қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қараша айында өтетін шаралар тек мәдени қана емес, сонымен қатар экономикалық және туристік тұрғыдан да маңызды болып табылады. Іс-шараларға қатысу арқылы қала мәдени туризм саласында жаңа деңгейге көтеріліп, Шымкенттің имиджі елімізде және шетелде күшейтіледі.

Қала әкімдігі тұрғындарды барлық мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға шақырып, олардың ерекше ұйымдастырылған бағдарламалардан ләззат алуына мүмкіндік беретінін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *