Құжатсыз нысандарды анықтау жұмысы жалғасуда

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қала аумағында жүргізіліп жатқан жер телімдерін зерделеу және заңсыз иелену фактілерін анықтау жұмыстары жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде бірқатар жер телімдерінде құжатсыз салынған құрылыс нысандары мен мемлекет меншігіндегі жерлерді өз бетінше иелену жағдайлары тіркелген. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша осындай 2 314 құрылыс нысаны анықталып, арнайы тізімге енгізілді.

Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында – 1 493, Тұран ауданында – 283, Еңбекші ауданында – 251, Қаратау ауданында – 234, ал Әл-Фараби ауданында – 53 нысанды құрайды. Зерделеу нәтижесінде олардың 1 831-і тұрғын үй ретінде пайдалануға жарамды, ал 483-і техникалық және қауіпсіздік талаптарына сай келмегендіктен жарамсыз деп танылған.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бүгінгі күнге дейін жарамсыз деп танылған 187 құрылыс нысаны мен үй салу үшін құйылған 63 іргетас бұзылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жер заңнамасын сақтау мақсатында жүргізілуде. Ал адам тұруға жарамды нысандардың құжаттарын рәсімдеу мәселесі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес сот тәртібімен қаралатын болады.

Сәрсен Құранбек атап өткендей, қала әкімдігі мен Жер қатынастары және жер ресурстарын басқару департаменті жер телімдерін тиімді әрі нысаналы мақсатына сай пайдалану бағытында тұрақты негізде мониторинг жұмыстарын жалғастырып келеді. Сонымен қатар, заңсыз иеленудің алдын алу, жерге қатысты құқықтық мәдениетті арттыру және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланған.

«Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – жер ресурстарын тиімді пайдалану, қала аумағында ретсіз құрылысқа жол бермеу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрбір нысан заң аясында рәсімделуі тиіс», – деді қала әкімінің орынбасары.

Құзырлы органдар тұрғындарға заңсыз құрылыс салудан және рұқсат етілмеген жер телімдерін пайдаланудан бас тартуды ескертеді. ЗАңсыз құрылыстың жауапкершілігі де жоғары болады дейді сала жауаптылары. Шымкент қаласында жер қатынастары саласындағы тәртіпті күшейту мен бақылау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *