ШЫМКЕНТТЕ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қаладағы көлік қозғалысын реттеу және жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қала аумағындағы басты көше қиылыстарында көлік кептелістерін азайту және жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында бағдаршам нысандарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарының қозғалысын жеңілдетуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, келесі нысандарда жаңарту жұмыстары жүргізілді:

  • Т. Рысқұлов – Жолан батыр көшелерінің қиылысында бағдаршамның қосымша секциясы жасыл түсті «(+)» белгісіне ауыстырылды;

  • Д. Қонаев – Тәуке хан даңғылдарының қиылысында оңға бұрылуға арналған қосымша секция орнатылды;

  • Бәйтереков – Н. Назарбаев көшелерінің қиылысында Н. Назарбаев даңғылынан оңға бұрылуға мүмкіндік беретін бағдаршам секциясы қосылды;

  • Қ. Қазиев – Ұ. Арғынбеков көшелерінің қиылысында солға бұрылуға арналған жасыл «(+)» бағдаршам енгізілді.

Аталған өзгерістердің барлығы жолдағы қозғалыс ағынын талдау және көлік легін зерттеу нәтижесінде қабылданған. Инженерлік және көліктік сараптамалар жүргізіліп, қозғалыстың ең қарқынды бағыттары анықталды.

Жол қозғалысын оңтайландыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі цифрлық технологияларды енгізу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Қазіргі таңда интеллектуалды көлік жүйесін (ITS) кезең-кезеңімен енгізу қолға алынған. Бұл жүйе жол қозғалысын онлайн бақылауға, бағдаршамдардың жұмысын автоматты түрде реттеуге және кептелістердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін айқындау және көлік тұрағы ережелерін реттеу бағытында да шаралар атқарылуда.

Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, бұл жұмыстар қала инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы көлік қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Әкімдік алдағы уақытта да жол желісін жетілдіру, жаңа айналма жолдар мен қиылыстар салу жобаларын жүзеге асыруды жалғастырады.

«Басты мақсат – Шымкент тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету. Қаладағы көлік инфрақұрылымы үнемі дамып, заманауи шешімдер енгізілетін болады», – деді қала әкімінің орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *