Өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдары 179 қылмыстық істі тіркеп, оның 3-і сотқа жолданған. Ең жиі тіркелген құқықбұзушылықтар — алаяқтық (63 іс), ұрлық (44 іс), есірткі айналымына қатысты (11 іс) және жол-көлік оқиғаларына байланысты (9 іс).
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы уақытта интернет алаяқтық фактілері жиілеп отыр. Алаяқтардың басым бөлігі азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаулармен ақша иемденуге тырысады. Негізгі түрлері:
-
әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы жалған тауар жарнамасы (16 жағдай);
-
жалған инвестициялық жобаларға шақыру (4 жағдай);
-
банктің немесе мемлекеттік органның қызметкері ретінде танысу (12 жағдай);
-
азаматтың атына несие рәсімдеу (4 жағдай);
-
коммуналдық қызмет өкілдері атынан хабарласу (6 жағдай).
Мәселен, белгісіз тұлға өзін салық қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерден 600 мың теңге көлемінде қаражат иемденген. Осындай әрекеттердің салдарынан азаматтар қаржылық шығынға ұшырап, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болуда.
Полиция азаматтарға жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға жауап бермеуді қатаң ескертеді. Әсіресе интернет арқылы төлем жасау кезінде тексерілмеген сайттарға ақша аудармау ұсынылады.
Бұдан бөлек, қала аумағында жол-көлік оқиғаларының көбеюі де алаңдаушылық туғызуда. Сараптама нәтижелері бойынша апаттардың басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдауы және жаяу жүргіншілердің жолды рұқсатсыз кесіп өтуінен орын алған.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында скутер мен электрлі самокаттарды ережеге сай басқармау жағдайлары жиілеген. Бұл өз кезегінде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Осыған байланысты полиция департаменті қала тұрғындарын алаяқтардың қулығына алданып қалмауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады.
Құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер, түсіндіру жұмыстары және жедел алдын алу шаралары жүргізіліп келеді.
Шымкент қаласы әкімдігі мен полиция департаменті тұрғындардың белсенді азаматтық ұстаным танытып, күмәнді жағдайлар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабар беруін сұрайды. Әр азаматтың сақтығы мен жауапкершілігі – қоғамның қауіпсіздігіне қосылған үлес.