ЗАҢҒА СӘЙКЕС ҚҰРЫЛЫС – ҚАЛАМЫЗДЫҢ ТӘРТІБІНДЕГІ ҚАДАМ

Шымкент қаласында сәулет және құрылыс саласындағы заң талаптарын сақтау бойынша жүргізіліп жатқан кешенді бақылау жұмыстары барысында кезекті заңсыз нысан анықталды. Қаланың орталық бөлігінде, Адырбеков көшесі №70 мекенжайында орналасқан ғимаратта меншік иесі тарапынан рұқсатсыз қайта жоспарлау және ғимаратты басқа мақсатқа пайдалану фактісі тіркелген.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бастапқыда бір қабатты монша, дүкен және сұлулық салоны ретінде тіркелген үш бөлек нысан иесі ешқандай құқықтық және техникалық құжаттарды рәсімдеместен, оларды заңсыз түрде біріктірген. Біріктірілген ғимарат кейіннен емдеу орталығы ретінде жұмыс істей бастаған. Мұндай әрекет – құрылыс нормалары мен санитарлық талаптарды өрескел бұзу болып саналады.

Бақылау жұмыстары қалай жүргізілді?

Шымкент қаласының тиісті басқарма мамандары нысанға жоспардан тыс тексерумен барып, құрылыс жүргізу барысында ешқандай рұқсат құжаттарының болмағанын анықтады. Инженерлік-коммуникациялық жүйелердің өзгертілуіне, қабырғалардың бұзылып, қайта тұрғызылуына, сондай-ақ нысанның функционалдық мақсатының өзгеруіне байланысты бірнеше техникалық және санитарлық қауіптер туындауы мүмкін екені айтылды.

Мамандар нысан иесіне:

  • құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат алу тәртібін,

  • қайта жоспарлау кезінде сақталуы тиіс техникалық нормаларды,

  • нысан мақсатын өзгерту үшін құжаттарды рәсімдеу талаптарын
    түсіндіріп өтті.

Анықталған заң бұзушылықтарға сәйкес, нысанды пайдалану уақытша тоқтатылды. Қала әкімдігі тарапынан меншік иесіне 800 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Әкімдік тұрғындарды тәртіпке шақырды

Шымкент қаласының әкімдігі қала аумағындағы құрылыс саласына қатысты талаптардың күшейтілгенін және бақылаудың тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Бұл шаралар қала сәулетін сақтау, қауіпсіздікке қатер төндіретін рұқсатсыз құрылыстардың алдын алу және тұрғындар игілігі үшін жайлы орта қалыптастыру бағытында жүзеге асырылып отыр.

Қала әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек бүгінгі мәлімдемесінде тұрғындар мен кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады:

«Құрметті тұрғындар! Қандай да бір құрылыс немесе нысанды қайта жоспарлау жұмыстарын бастамас бұрын міндетті түрде тиісті рұқсатты алу қажет. Құрылыс нормаларын сақтау – тек заң талабы ғана емес, баршамыздың қауіпсіздігі мен қаланың жүйелі дамуының кепілі. Заң талаптарын орындау арқылы біз тәртіпті, қауіпсіз және әсем қаланы бірге қалыптастырамыз», – деді ол.

Заңсыз құрылыстардың салдары қандай?

Мамандардың айтуынша, рұқсатсыз жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстары:

  • ғимараттың тозуына,

  • апаттық жағдайлардың туындауына,

  • инженерлік желілердің істен шығуына,

  • тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға
    әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, мұндай нысандардың қызметін тоқтату, айыппұл төлеу, тіпті кей жағдайларда ғимаратты қалпына келтіру немесе толық бұзу міндеттелуі ықтимал.

Әкімдік бақылауды жалғастырады

Шымкент қаласының әкімдігі алдағы уақытта да қала аумағында заңсыз құрылысқа қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейтетінін атап өтті. Мамандар тұрғындарға кез келген құрылыс бастамас бұрын жергілікті басқармаға жүгініп, заңды рәсімдеудің барлық жолдарын түсіндіруге әзір екенін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *