ШЫМКЕНТТЕ АТМОСФЕРАЛЫҚ АУА САПАСЫН БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласында атмосфералық ауа сапасына қатысты тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдар саны соңғы айларда артқан. Әсіресе кешкі уақытта ауада түтіннің байқалуы тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда. Мамандардың айтуынша, бұл құбылыстың бірнеше негізгі себебі бар. Олардың қатарында ауа температурасының төмендеуімен байланысты инверсиялық жағдай, желдің болмауы, жолдардағы автокөліктердің шамадан тыс көбеюі, сондай-ақ жеке секторларда құрғақ шөп, қоқыс және күзгі жапырақтарды жағу фактілерінің жиілеуі бар.

Қала ауасын бақылау жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр

Шымкент қаласының атмосфералық ауа сапасы мемлекеттік бақылауда. Бүгінде «Қазгидромет» РМК-ға тиесілі 7 бақылау бекеті (оның ішінде 4 – қолмен сынама алып тексеретін, 3 – автоматтандырылған) арқылы ауадағы зиянды заттардың деңгейі тәулік бойы өлшенеді. Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі уақытта қала аумағында жоғары немесе экстремалды деңгейдегі ластану деректері тіркелмеген. Бұл – мониторинг жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және қаланың экологиялық жағдайының бақылауда екенін көрсетеді.

Тұрғындар шағымдары бойынша қосымша тексерулер жүргізілді

2025 жылдың 23–24 қарашасында, әлеуметтік желілер және қала әкімдігіне келіп түскен шағымдар негізінде эксклюзивті мониторингтік тексерулер өткізілді. Тексеру нысандары ретінде:

  • «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС (ПКОП),

  • Индустриалды аймақтар аумағы

қаралды. Лабораториялық өлшеулер нәтижесінде санитарлық қорғау аймақтарында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактісі анықталған жоқ.

4 ірі кәсіпорын онлайн бақылауда

Шымкент қаласының экологиялық жағдайына әсері жоғары саналатын бірнеше ірі өндірістік кәсіпорындар арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы онлайн режимде бақыланып отыр. Олардың қатарында:

  • «ПКОП» ЖШС,

  • «Стандартцемент» ЖШС,

  • «Шымкентцемент» ЖШС,

  • «3-Энергоорталық» АҚ.

Бұл мониторинг жүйесі кәсіпорындардың ауаға шығаратын ластаушы заттарын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда, автоматты жүйе ластану көрсеткіші көтеріле бастаған сәтте жауапты органдарға бірден хабарлама жолдайды.

Сонымен қатар, тұрғындардан түскен шағымдарға сәйкес «Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан бір кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру тағайындалды.

Биыл 50 әкімшілік іс қозғалып, 37,6 млн теңге айыппұл салынды

2025 жылдың алғашқы 10 айында Экология департаменті тарапынан жалпы 29 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде 50 әкімшілік іс қозғалып, өндіріске қатысушы кәсіпорындарға жалпы сомасы шамамен 37,6 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Соның 32,6 млн теңгесі қазірдің өзінде өндірілді.

Индустриалды аймақтарда орналасқан 12 кәсіпорын жоспарлы және жоспардан тыс тексеруден өтті. Олардың қатарында:
«High Industrial Lubricants & Liquids Corporation»,
«Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа»,
«ЦветЛит», «Element 5», «ЭкоШина»,
«Категория ДМ», «Аламан Береке», «ENN»,
«Гермес-Б.Е.», ЖК «Хабибулла», «ТРМ», «VegaSmelting» ЖШС бар.

Экологиялық талаптарды орындамаған кәсіпорындарға қатаң шара қолданылды

Тексеру барысында экологиялық нұсқамаларды орындамаған 4 кәсіпорынға қатысты ҚР ӘҚБтК 462-бабы 3-тармағына сәйкес хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Бұл тізімге:

  • «Китайско-Казахстанская Марганцевая Индустриальная Группа» ЖШС,

  • «ХИЛЛ» ЖШС,

  • «Гермес БЕ» ЖШС,

  • жеке кәсіпкер Хабибулла

кіреді. Сонымен бірге, экологиялық рұқсатсыз жұмыс жүргізген тағы 4 кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылып, оларға айыппұл салынды.

Атмосфералық ауа сапасы – тұрақты бақылауда

Шымкент қаласы әкімдігі мен Экология департаменті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын үздіксіз жалғастыруда. Мониторингтік жұмыстар күшейтілген, тұрғындар шағымдары жедел қаралуда, ал кәсіпорындар экологиялық нормаларды мүлтіксіз орындауға міндеттеліп отыр.

Қала билігі тұрғындарды табиғатты аялауға шақыра отырып, жеке секторларда қоқыс пен жапырақ жағуға тыйым салынғанын еске салады. Сонымен бірге, автокөлік санын азайту және қоғамдық көлікке көшу – қаланың ауа сапасын жақсартуға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Экологтардың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар атмосфералық ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және Шымкенттің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың бір бөлігі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *