Жүйелі жұмыстар нәтижесін беруде

«Nur Otan» партиясы Қаратау аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңес өз  жұмысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңына, «Nur Otan» партиясының Жарғысы мен Доктринасына және партияның 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасы мен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасынан», оны іске асыру жөніндегі Жол картасынан туындайтын міндеттерді басшылыққа ала отырып, жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Кеңестің құрамында қоғам белсенділері, партия ардагерлері, қоғам қайраткерлері мүше болып табылады.

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың негізгі стратегияларының бірі екені белгілі. Сондықтан бұл бағытта жұмысты партия тарапынан жүйелі түрде жүргізуді жолға қойғанбыз. Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Пайда ойлама, ар ойла!», деген сөзі әрбір азамат ескеруі тиіс деп есептеймін және міндетіміз болып табылады. Осы бағытта тынбай еңбек етіп келе жатқанымыздан партияластар мен сайлаушыларымыз хабардар деп ойлаймын.

Қазіргі таңда кеңестің жұмысы өте қарқынды жүргізіліп келеді. Республикалық, қалалық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің жұмыстарымен үндесе келе, көптеген мәселелердің шешімін тауып келеміз. Жиындарда өзекті тақырыптар — лауазымдық жағдайды пайдалана отырып жасалатын қиянат пен құқық бұзушылықтарды жою, мемлекет билік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдарында, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау, жауапкершілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жою, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша жасалған ұсыныстарды бағалау туралы мәселелер басшылыққа алынады. Бұл өз кезегінде азаматтардың бойында адалдық пен жауапкершілікті қалыптастыратыны сөзсіз.

Қоғамдық Кеңес мүшелері мемлекеттік емес ұйымдар, қоғам белсенділерімен бірге бірігіп жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы залалсыздандыру орталығына, елді мекендердегі дәріханаларға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазіргі таңда әр түрлі отбасылық жасырын мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып отырған тойхана, ірі кафелер мен ойын сауық орталықтарының карантиндік шараларды сақтау мәселесі тексерілді.  Сондай-ақ, қаладағы мектептердің құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргіздік.

Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кедергісіз орта құру мәселесі бойынша мониторинг жүргізіліп, тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданды.

Бүгінгі күнге дейін қоғамдық кеңестің 15-тен астам отырыстары өтіп, күн тәртібінде өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, ауданның аумағындағы жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдарға, салынып жатқан әлеуметтік нысандарға, азаматтардың шағымдарына қадағалауды назарға аламыз.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың негізгі тетігі – азаматтардың құқықтық сауаттылығының жоғары болуында деп білемін. Партия тарапынан әрқашан осы бағытта нақты жұмыстар іске асырылып, насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыруда аянбай еңбек етуіміз қажет.

Санамызды өсіріп, «Жемқорлыққа — жол жоқ» деген ұранмен мегаполис деген атқа лайықты өңірде тұратын тұлға болуға ұмтылыс жасауға  әрбіріміз міндеттіміз!

 

Шымкент қалалық мәслихат депутаты,

«Nur Otan» партиясы фракциясы

жетекшісінің орынбасары, Қаратау аудандық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

жөніндегі Қоғамдық Кеңес төрайымы

Жадыра Танатарова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *