«AMANAT» партиясының жастар қанаты «Жастар рухы» болып өзгерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы «AMANAT» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді.

Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты. Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.  Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атап өтті.  Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.

Біріншіден, Мемлекет басшысының айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды, болашақтың кілті цифрлық технология мен инновацияда. Сондықтан бірнеше тіл біліп, түрлі кәсіп игеру жастардың қолынан келеді. Президент атап өткендей, еліміз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту керек.

Мемлекет басшысының айтуынша, білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алады. Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Ел жастардан тың бастамалар және озық идеялар күтеді.

Екіншіден, жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік, санасы сергек болуға тиіс. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармау керек. Мемлекеттік мүдде бәрінен биік тұруы  керек екенін айта келіп, Президент әрбір жасты ана тілін, ата дәстүрін, төл тарихын білуге үндеді.

Үшіншіден, отаншылдық қасиет туралы Мемлекет басшысы әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіну керек екенін, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінетінін, алдына мақсат қойған азамат нағыз мемлекетшіл тұлғаға айналатынын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, аға буынның жастарға зор үміт артатынын, оны жастардың ақтайтынына сенім білдіріп, Съезд жұмысына табыс тіледі.

Өз кезегінде, жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев еліміздің саяси жүйесінің трансформациясы «AMANAT» партиясының трансформациясынан басталғанын тілге тиек етті.

Съезді қорытындылай келе, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын жеткізді.

«AMANAT» партиясының Төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар перспективалық міндет қойды. Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында»  пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру.

VI кезектен тыс Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды, жастар ұйымының атауы өзгертілді. Орталық кеңестің құрамы қоғамдық пікірдің белсенді көшбасшыларын, ҮЕҰ өкілдерін және т.б. тарту есебінен кеңейтілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *