«Заң керуені» акциясы аясындағы көшпелі топ еңбек ұжымдарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасымен бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде халыққа құқықтық көмек көрсету мен құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында  «ЗАҢ КЕРУЕНІ» республикалық акциясы өткізіліп келеді.

Осы орайда, бүгін Қаратау ауданы бойынша аталған акция аясында құрылған көшпелі топ аудан аумағындағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымымен кездесті. Кездесулер ауданның ірі кәсіпкерлік нысандары саналатын « STANDARD CEMENT» ЖШС, «АРАЙ» ЖШС, «КОРПОРАЦИЯ АҚ ОРДАСЫ» ЖШС, «ECOFARM» ЖШС, «ASTER AVTO» ЖШС мекемелерінде өткізілді.

Құрамы прокуратура, құқық қорғау мен жергілікті атқарушы, өкілді және мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының өкілдерінен тұратын көшпелі топ мүшелері кезекті кездесу барысында да  Бас Прокуратураның бастамасымен жүргізіліп отырған акцияның негізгі мақсатын таныстырып өтті. Еңбек ұжымындағы қызметкерлер тарапынан қойылған еңбек даулары, жалақы төлеу жүйесі және өзге де өзекті мәселелер бойынша қойылған сауалдарға заң шеңберінде мардымды жауаптар ұсынды.

«Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы бар және онда кезекші прокурорлар азаматтарды кез келген уақытта қабылдайды. Дегенмен, біз азаматтарға өзіміз келіп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарымызбен бірге аудандағы кәсіпкерлермен, кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарымен арнайы кездесіп талап-тілектерін тыңдап жатырмыз. Бұл өз кезегінде біздің прокуратура тарапынан бастау алып отырған акцияның ең басты мақсаты болып табылады», – деді Қаратау ауданы прокурорының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Алекешов.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Амангелдіұлы аталған акцияның аудан аумағында бекітілген кестеге сәйкес жыл соңына дейін өз жалғасын табатынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, кездесуге аудандық көшпелі топ мүшелері, аудан прокуратурасы, аудан полициясы және аудан әкімдігі өкілдері қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *