Көлігін газға ауыстырып жатқандар таяуда оның да қымбаттайтынын естен шығармасын – министр

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінен кейін алдағы айларда сұйытылған газ бағасы қымбаттайтынын растады.

«Қазірдің өзінде көлікті бензин мен дизельдің орнына сұйытылған газ тұтынатын етіп қайта жарақтау белең алғанын көріп отырмыз. Оның үстіне Қазақстанда газ өндірісі айтарлықтай шектеулі. Біз іштегі сұранысты «Теңізшевройл» компаниясына жыл сайын өтініш тастап, экспортқа арналған газды ішкі нарыққа қайта бағыттату есебінен жауып келе жатқанымызды білесіздер. Бұрын бұл аз мөлшерде болса, қазір барған сайын артып келеді – тек ішкі тапшылықты жабу үшін ғана ондаған мың тонна газ қайта бағытталады. Сол баяғы проблема, бәрі бағаға келіп тіреледі. Өзіндік құны литріне 70 теңге болса, қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар көпе-көрінеу шығынмен жұмыс істеп отыр. Салыстырып айтсақ, Ресейдегі газ бағасы 2 есе жоғары – 120 теңге. Тәжікстанда 177 теңге. Оларда баға шынымен нарық заңы бойынша қалыптасқан. Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, газды артығымен өндіретін елдерде сұйытылған газды көлік жанармайы ретінде пайдалануды ынталандыру үшін бензин бағасының 70% көлемі мөлшерінде баға белгілейді. Мұндайды ақылға қонымды экономикалық тетік деп қарауға болады. Ал бізде алшақтық баршылық. Қазір көлігін газға ауыстырып жатқан азаматтар ертең оның да бағасы қымбаттайтынын түсіну керек. Оған себеп жетіп жатыр. Газ тапшылығына байланысты экономикалық факторлар да бар. Келешекте газ қымбат бағамен импортталуы мүмкін. Немесе өзіміздегі газды ішкі нарыққа экпорттық бағасымен бағыттау қажет болады», — деді ол.

Алмасадам Сәтқалиев нақты бағаны белгілеу мәселесі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзырында екенін айтты

«Алғашқы баға өсімі елеусіз болатыны түсінікті. Жағдайға байланысты 5-10 теңге көлемінде болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ кейін өзіндік құнын ақтайтындай бағаға шығамыз. Мемлекет басшысы осы кезеңді анықтауды тапсырды. Үкіметпен, Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен, депутаттармен бірге осы кезеңді белгілеп алсақ, 3 жылдың ішінде, мүмкін 2 немесе 4 жылдың ішінде сұйытылған газдың нарықтық бағасына көшеміз», — деді министр.

Журналистер сұйытылған газ бағасы қашан 5-10 теңге аралығында қымбаттайтынын сұрады.

«Ең жақын арада болуы мүмкін. Алдағы бір, екі немесе үш айдың көлемінде болады. Бұл газдың өзіндік құны 70 теңгеден асатынын айттым. Оның үстіне қандай да бір табыс болуы керек қой. Халықаралық тәжірибеде табыстылық деңгейі 15% болса, қалыпты деп есептеледі. Ал біз тым болмағанда 5% табыстылық деңгейіне шықсақ деп отырмыз. Сонда акционерлер қандай да бір табыс көріп, инвестиция туралы ойлана алар еді», — деді ведомство басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *