Ордабасы ауданы білім бөлімі және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданының орталық алаңында мектеп жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – ата — аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Аудан әкімі Оралбаев Азат Әбдіғалиұлы және білім бөлімі басшысы Нұрабаева Шұға Тұрмаханбетқызы сөрелерді аралап, оқу құралдарының сатылымын бақылап көрді.
Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған акцияға жергілікті және Шымкент қаласынан кәсіпкерлер қатысып, өз тауарларын нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынды. Мұнда қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары төмендетілген бағада сатылды.
Игі шарада ауданымыздың мәслихат депутаттары, қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтарды тарту етіп, ұрпақ болашағы үшін айрықша белсенділік танытқан барша қайырымды жандарға алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ, аудан орталығы Темірланда «Мектепке жол» акциясы өтті. Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық Мәслихат төрағасы Бақдәулет Құрманбекұлы қатысты.
Темірлан ауылының орталық алаңында таңнан бастау алған іс-шарада мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілер мен сатушылар, кеңсе тауарлары және мектепке қажетті заттарды сатушылар аудан тұрғындары үшін өз өнімдері мен тауарларын ұсынды.
Жаңа оқу жылына жалпы облыстық бюджеттен әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 2500 ден астам балаға, мұнан бөлек аудан әкімі Азат Оралбаевтың арнайы тапсырмасымен дербес бөлімдер, ауыл әкімшілігі мен кәсіпкерлер тарапынан да балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектермен қамтамасыз етілді.
Бұл реткі «Мектепке жол» республикалық жәрмеңкесінің мақсаты – оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.
Жәрмеңкеге 100 шақты жеке кәсіпкердің тігін фабрикасының дайын өнімдері, Шымкент қаласының «АвтоНұр» сауда орталықтарының өкілдері, сондай-ақ, аудан орталығындағы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер күзгі оқу маусымына қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен және тағы басқа тауарларын 20-30 пайыздық жеңілдікпен ұсынды. Айта кетерлігі, аталған науқандық акция осы уақыт аралығында ауданның барлық ауыл окургтері мен ауыл, елді мекендерінде жалғасын табуда.