ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫНДА 100 ОҚУШЫ КЕРЕК ЖАРАҚПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Балалардың мектепке барар сәті де алыс емес. Жыл сайын бағасы шарықтай түсетін оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуды баршаның қалтасы көтере бермейтіні рас. Осы ретте дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы биыл «Жақсылықты жаса» ұранымен басталып, еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтуде.Облыс аумағында 4 кәсіпорын және 5 жеке кәсіпкер айына 15 мың дана мектеп формасын тігуге мүмкіншілігі бар. Ал аяқ киім тігумен Арыс қаласында «Арай» ӨК айналысады.

Жетісай ауданы Атамекен ауылдық округінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясында 100 балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары тарту етілді. Әр жылы аудан көлемінде ұйымдастырылатын акция биыл Атамекен ауылдық округінен басталды.

— Акцияның басты мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық барысында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім, жартылай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсет, — деген аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков бүлдіршіндердің болашағына үлкен сенім артып, жомарт жүректі кәсіпкерлердің қайырымдылық шаралардан қалыс қалмайтынына сенім білдірді.

«Елге көмек» қайырымдылық қоры жетекшісінің бастамасымен ұйымдастырылған акция Республика көлеміндегі кәсіпкерлердің қолдауымен өтіп, өткен жылы мұқтаж үш отбасыға баспана сыйлаған болатын. Бұдан бөлек, аудандағы әрбір мектепте әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушылардың тізімдері жасалып, білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жедел желі арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған кез-келген ата-ана көмек сұрай алады.

Әрбір азамат акция аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсетуде белсенділік таныта алады. Балалардың мектепке жолы қуанышты болуы үшін балаларға шынайы қамқорлық пен назар аудару қажет. Акцияны ұйымдастырушылар қатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыстардың (қалалардың) әкімдіктері, білім басқармалары, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер және кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың мүшелері, басқа да мүдделі тараптар кіреді. Биыл жалпыға міндетті білім қоры есебінен 32 мыңнан аса балаға 40 567 теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар, демеушілер акцияға қатысушы оқушылар арасынан алғашқы тоқсанды «үздік» аяқтаған оқушыға 100 мың теңге сыйақы тағайындап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *