СОЗАҚ АУЫЛЫНАН «ТАЛАПТЫ» САЛТАНАТ САРАЙЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауылынан ауыл тұрғындарының үлкен қуанышына айналған «Талапты» салтанат сарайы ашылды. Тойлар мен түрлі мерейлі қуаныштарға арналған зәулім кешенді Созақ ауылының тумасы Махашов Қойшыбай мен ұлдары бірлесе өз қаражатына тұрғызып отыр. Шараға жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтардың қарасы артып, онда арнайы ас беріліп, құран бағышталды.

Жаңадан салынған әсем де сәнді салтанат сарайдың ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

-Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік нысандардың саны артып келеді. Еңселі, сәнді, жаңа үлгідегі нысандар салынып, зәулім мешіттер тұрғызылып, ел игілігіне берілуде. Бұл нысан тек Созақ ауылына ғана емес, жалпы аудан тұрғындарына қызмет көрсетері сөзсіз. Туған жердің кешенді дамуына айрықша үлес қосып, ауыл халқының қуанышын еселеп отырған барша азаматтарға аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіремін,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы игі іске арқау болған Махашов Хамардинге «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстап, құрмет көрсетті.

Айта кетейік, бұл атақ Хамардин Қойшыбайұлына аудандық мәслихаттың өткен жылғы шешімімен берілген болатын. Аталған уақытта өзге өңірде болуына байланысты бүгінгі шарада табысталды.

Сонымен қатар, Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков бастаған көптеген ел ағалары ақ тілек пен баталарын арнады.

Заманауи үлгіде салынған тойхана іші заман талаптарына сай жабдықталып, санитарлық талаптардың барлығы толықтай сақталған. Үйлену тойы, мерейтойлар мен айтулы шараларды өткізуге арналған үлкен және кіші залы бар. Бір мезетте 600 ге тарта адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа нысан әсем безендіріліп, соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Сыртын қоршаған сәнді темір шарбақтардың өзі жаңа құрылыстың шырайын аша түскен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *