«КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАС КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Түркістан облысының 5 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдығына арналған «Күй құдіреті» атты облыстық жас күйшілер байқауы өтті. Шара барысында Созақ аданының мәдениет саласындағы жетістіктері туралы бейне ролик көрсетіліп, кеш шымылдығы күй өнерінің қыры мен сырын ашар Театрландырылған «Қорқыт» көрінісімен түрілді.

Тағылымды шараға арнайы қатысқан Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Алиакбаров Мейіржан мен аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов аудан халқына деген ізгі тілектерін арнады.

Байқауға қатысып, бақтарын сынағалы келген жас күйшілерімізге сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов өз сөзінде — Тарихы сонау көне ғасырдан сыр шертіп, алуан мәдениет пен руханияттың нәрлі ошағына айналған, сыр мен жырға толы Созақ ауданында облыстық жас күйшілеріміздің байқауы өтуде. Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұрасының бірі. Созақ сахарасының сайын даласына дейін күмбірлете күй төккен Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әліұлы, берідегі Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев сынды әйгілі күйшілеріміз қазақ сахнасында алуан мәдениет пен руханияттың өшпес ізін қалдырды. Облыс көлемінде өтіп жатқан осындай игі бастамалар арқылы ұлттық дәстүріміз бен рухани құндылығымызды нығайтып, ұлы күйшілердің артына қалған мұраларын қайта жаңғыртуда мол табыстарға жететініміз сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің тұғыры мәңгілік болып, бірлігіміз арта берсін,-деп ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Байқауға Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрінің солисті Құндыз Жаппасқызы, дәстүрлі әнші, Облыстық, Республикалық, Халықаралық байқаулардың лауреаты. А. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары Табиғат Генералқызы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Республикалық, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Сүгір атындағы оркестрдің дирижері Шыңғыс Бөріұлы, Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асхат Абилов қазылық етті.

Байқауда 16 мен 35 жас аралығындағы 21 жас дәулескер күйшілеріміз екі кезең бойынша өз ара бақ сынасты. Бірінші кезеңде Созақ ауданынан шыққан күйшілердің шығармаларын орындап, екінші кезеңде еркін тақырыпта өздерінің қалаған күйлері бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген жас күйшілеріміз күмбірлете күй орындап, жиналған қонақтар шараны көтеріңкі көңіл-күйде тамашалады.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Асқарова Назерке (Созақ ауданы), жүлделі 1 орынмен Тұрлыбай Нұрлыбек (Ордабасы ауданы), жүлделі 2 орынды Нұржанбаева Алима (Созақ ауданы), Сұлтан Дінмұханбет (Мақтарал ауданы) иеленсе, жүлделі 3 орынға Сәтім Ернар (Арыс қаласы) мен Ермұратов Мұхамеджан (Отырар ауданы) табан тіреді.

Қалған қатысушыларға «Сүгір Әліұлы», «Жаппас Қаламбаев», «Төлеген Момбеков», «Генерал Асқаров» және Созақ ауданы әкімідігі мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі табысталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *