Биыл Келес ауданының қайта құрылғанына 5 жыл толды. Ақпанда өткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының есепті кездесуінде келестіктер көтерген мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, шалғайда орналасқан Бекбота мен Ащыкөл елді мекендерін жалғайтын автомобиль жолына асфальт төсеу мәселесі толық шешілді. Жүзімдік пен Лесбек Батыр елді мекендерінен өтетін тозығы жеткен республикалық автомобиль жолын жөндеуге 2,9 млрд.теңге қаралды.
Аудан халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысатын аймақта ағын су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін каналдарды жөндеу мен механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 41 шақырымды құрайтын 16 канал тазаланды. Ынтымақ елді мекенін ауыз су және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Тұрғындар сұранысымен Абай ауылында жалпы құны 1,8 млрд.теңге болатын заманауи спорт кешенінің құрылысы басталды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен есептік кездесуі бүгін Келес ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, іске асқан жұмыстардың мән-жайын тұрғындарға баяндады. Алға қойылған мақсат-міндеттер мен қолға алынатын маңызды жобаларды жеткізді.
Ауданның қайта құрылуы экономикасының дамуына тың серпін берді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2020 жылдан бері 44 пайызға өсіп, былтыр 100 млрд. теңгеге жетті. Биыл 6 айда бұл көрсеткіш 30 млрд. теңгені құрап, 9 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 30 пайызға өсіп, былтыр 10 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 1,5 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 17,7 млрд. теңге инвестиция бағытталып, есепті кезеңмен салыстырғанда 35 пайызға артқан.
Биыл 6 айда 7 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артып отыр. Ауданда алдағы 3 жылда 51 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
– «Нұрболат» өндірістік кооперативі құны 3 млрд. теңгені құрайтын 5 филиалдан тұратын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысын жүргізуде. Филиалдары Абай ауылының екі жерінде, Біртілек, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бой көтереді. Қазіргі уақытта Абай ауылында және Біртілек елді мекенінде «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Жоба толық іске асқан соң 200 жаңа жұмыс орны ашылады. «UBS KZ» және «UBS Solar» компаниялары құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 50 гектар жер учаскесіне күн электр станциялары құрылыс жұмыстарын бастады. Биыл іске қосылып, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің қазығы қағылды. 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасын «ЭКО-культура» компаниясы жүзеге асырады. Оның ішінде 51 гектардан астам жер учаскесінде жылыжай кешенінің құрылысын осы жылы бастау көзделуде. Жобаның 1-кезеңінің құны 42 млрд. теңгені құрайды. 700-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Жеке кәсіпкер бастамасымен 200 млн. теңгеге қонақ үй салынады, – деді Дархан Сатыбалды.
Ауданда индустриялды аймақты құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, қажетті инфрақұрлыммен қамтуға барлық мүмкіндіктер бар. Бұдан бөлек, бүгінгі күні кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жеңілдетілген несиелендіру бойынша өткен жылы облыстың бизнес субъектілеріне 46,5 млрд. теңге бағытталса, ағымдағы жылы кәсіпорындарды 50 млрд. теңгеге несиелендіру көзделуде. Бизнесті қолдау үшін қажетті шаралар қабылданған. Әкімдік осы бағыттағы кез-келген бастаманы қолдауға дайын.
– Әкімдерге қоятын басты талаптарымның бірі – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, аймаққа инвестицияларды тарту. Келес ауданы тұрғындарының еңбекқорлығын, ауданымыздың географиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа өндіріс орындарын ашу қажет. Құрметті жерлестер, сіздердің алдарыңызда, аудан басшылығына және кәсіпкерлеріне осы бағытта нақты жобаларды ұсынуды тапсырамын. Ауданның еңбекқор тұрғындары осы туған өлкені әрі қарай дамытуға бар күш-жігерін салады деп сенемін. Мемлекет басшысы елді мекендерді абаттандыруға, олардың тазалығына ерекше назар аударады. Аудан, қалаларды аралаған кезде көгалдандыру, абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берген болатынмын. Абай ауылын абаттандыруға аранайы эскиздік жобалар әзірленіп, ауданның даму жоспарына енгізілді. Жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық елді мекендердегі тазалық мәселесін қатаң бақылауда ұстау қажет. Осы елдің тумасы ретінде мен де айтылған әрбір мәселенің қаншалықты маңызды екенін терең түсінемін. Сондықтан, әрбір жағдайды жеке бақылауға алып, оң шешімін табуына атсалысатын боламын. Алдағы кезеңдер Келестің нағыз өркендеген, дамыған дәуірі болады деп сенемін, – деді облыс әкімі.