Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында спорт күніне орай мерекелік жиын өтті. Мерекелік жиында спорт ардагерлері мен түрлі байрақты бәсекелерде киелі шаһардың абыройын асқақтатып жүрген спортшылар және сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары қатысты.
Жиын ашылуында қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев сөз алып, спортшыларға шаһар басшысының мерекелік құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев спорттың адам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, осы салада аянбай тер төгіп жүрген спортшыларға сәттілік тіледі. Іс-шара спортшылар мен спорт ардагерлеріне және сала қызметкерлеріне арналған арнайы алғыс хаттарды табыстаумен жалғасты.
Жалпы, Түркістан қаласы тұрғындарының 42 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Облыс орталығы болғалы шаһардағы спорттық нысандардың қатары да артқан. 2019 жылы «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді.
Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Сондай- ақ, тұрғындар арасында спортты дамытуда 75 ашық спорттық алаңша жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Мұз сарайы қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдаған еді. Исламбек Салжановтың айтуынша, Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінің федерациялары қауымдастық аясына біріктірілген. Сонымен қатар ұлттық спорттың дамуына сараптама жасалып, жеке-жеке респубикалық федерациялармен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізіле бастаған.
2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар Қазақстан Президенті ұлттық спорт түрлерінің даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет екенін және ат спорты ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін қарастыруды тапсырды.