Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында 2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, Қарағанды облысында 1,5 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қостанай облысында – 738 мың га,
Ақтөбе облысында – 745 мың га,
Түркістан облысында – 631 мың га,
Павлодар облысында – 532 мың га.
Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 млн га алаңды қамтитын 2 410 жоспардан тыс тексеру тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша 3,1 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 597 ұйғарым шығарылды, 240,9 мың га алаң бойынша 246 материал сот қарауында.
Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 млн га алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті.
Сонымен қатар, қабылданған шешімдердің заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша аумағы 526,3 мың га ауылшаруашылығы жерлерін беру туралы жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталып, оның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ел тізгінін қолына алғанда ең алғаш көтерген көкейтесті мәселелердің бірі – игерілмей жатқан жерлерге қатысты болатын. Міне, содан бері 3 жылдан асты, жағдай қаншалықты өзгерді? Бұл салада жеткен жетістіктеріміз бен жіберіп алған мүмкіндіктеріміз қандай? Жер комиссиясының жұмысына байланысты алдан қандай тәуекелдер күтіп тұр? Осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік.
Президент Жолдауда жер мәселесін көтерген еді: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деген еді Қ. Тоқаев.
Аталған комиссия биылғы сәуір айының соңында құрылып, кәдеге жаратылмай қалған және заңнаманы бұзып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жалпы аумағы 7,45 млн гектар телімді иеленген 2584 субъектіге қатысты тексеру жүргізуді жоспарлаған (жайылым – 6,86 млн гектар, егістік – 585,2 мың гектар). Одан бөлек, 3 млн гектар учаскіні пайдаланушылардың үстінен 900 жоспардан тыс тексеру жасалып, оның 1 млн 329 мың гектарына қатысты жер заңнамасын бұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі 118 шешімі заңсыз деп танылды. Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы ауданы 201,9 млн гектар (егістік – 26,1 млн гектар, жайылым – 80,6 млн гектар, басқалары – 7,3 млн гектар, қордағы жерлер – 87,9 млн гектар) құрайды, мұның пайдалануға берілгені –114 млн гектар. Асыра сілтеу болмасын!.. Бізде баяғыдан қалыптасқан бір дабыра дарақылық бар. Президент тапсырмасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектар игерілмей жатқан жерлер бойынша нақты шешімдер қабылданатынын айтты. Құзырлы орган тіпті Президент Жарлығы шығар-шықпастан жерлерді тартып алу шараларын бастап кетті. Оған жергілікті жерлердегі шолақ белсенділер қосылып, жақсы бастаманы жалаң науқаншылдыққа айналдырып жіберді. Оны айтасыз, енді ауыл маңындағы жайқалып тұрған «егістікті, суармалы жерлерді қайтарыңдар, малымызды бағамыз» деген арандатулар естіле бастады. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар мәселе басталмай жатып үлкен дабыра-даңғазаға ұрынды. Ал министрдің бұл жұмыстарды жүзеге асыруға аудандар әкімдерінің және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдері орынбасарларының жауапкершілігін күшейту туралы ұсынысы әкімдердің қолымен от көсегісі келген, ертең оң нәтиже шықпаса, жауапкершілікті жергілікті мамандарға аудара салуға бекінген әрекетіне ұқсап барады. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы Ниқанбай Омарханов қай істің де жаман-жақсылы шегі болатынын ескертеді.