Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов, ауданның ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы А.Амирханов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Сарыағаш аудандық филиалының төрағасы А.Мусабеков қатысты.
Мәжіліс барысында, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты мен жүзеге асыру барысын тұрғындарға түсіндіру мақсатында жауапты мекеме өкілдерінің қатысуымен 16 рет кездесу өткізіліп, нәтижесінде 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, несие алуға ниетті азаматтар осы кооперативтерге біріктірілуде. Ағымдағы жылы аудан бойынша бүгінгі таңда жалпы 160 құжат «Ырыс» МҚҰ несие комитетіне жолданып, 121 жобаға оң қорытынды берілген. Бүгінгі таңда 85 жоба қаржыландырылған. Мәжіліс соңында аудан басшысы аталған бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалауда ұстап, жұмысты жандандырды тапсырды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады.
Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді.