Кәсіпкерлерге бастаған ісін ілгерілету үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер қарастырылған. Қайтарымсыз қаржы, жеңілдетілген несие береді. Осы жобалар аудан тұрғындарына кәсіп бастауға негіз бола алады. Әр ауылдық округтің өз спецификасы бар, бүгінде сол мүмкіндіктерді пайдаланып кәсібін дамытып жатқан жандар жетерлік. Дана халқымыз: «Еңбектің наны тәтті»-демекші, бойындағы білімі мен талантын пайдалана білген адам қай кезде болмасын кез келген істі оңай алып кетері анық. Сол үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауларды мүмкіндігінше пайдалана білгеніміз дұрыс. Бұл туралы аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгінгі өткен аппараттық мәжілісте мәлімдеді.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Амирхановтың баяндауынша, ауданда азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмысшы топ құрылып, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларының тізбесіне енген 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағалары мен қорының көлемі тұрақты бақылауға алынған. Бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде аудандағы 5 базар және 18 сауда орталықтарымен және тауар өндіруші кәсіпорындармен арнайы меморандумға қол қойылған.
Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін «Даулет» базары маңынан 2 әлеуметтік ет дүкені ашылып, мал еттері нарықтағы бағадан 10 – 15 % төмен саудалануда.
Талдау қорытындысымен танысқан аудан әкімі қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне аудан аумағынан әлеуметтік дүкен ашу бойынша жұмыла жұмыс атқарып және «Тұт» пилоттық жобасы бойынша қарқынды жұмыс бастауды тапсырды.
Сонымен қатар, ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғ.Мейманбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштері бойынша баяндап, талдау жасап берді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы тиісті мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмаларды мерзімдерімен міндеттеп, орындалуын бақылауда ұстайтындығын жеткізді.