ТҮРКІСТАНДЫҚТАР СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

Биыл Семей полигонының жабылғанына 32 жыл толды. Талайлы тарихты бастан кешкен еліміз үшін Семей қасіреті XX ғасырдың шежірелі шері болып мәңгі қалды. Түркістан қаласында Семей полигонының құрбандарын еске алды. Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, қалалық«Ядролық сынақ полигонының ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахадыр Сержанов пен ядролық сынақ полигонын жоюға атсалысқан түркістандық ардагерлер қатысты.

– Жан түршігерлік алапатқа тоқтау қойған қаулы егемен ел ретінде Қазақстанның алғашқы қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі болды. Зұлмат күндерде еліміздің болашағы үшін азаматтық міндетін абыроймен атқарған қандасымызға тағзым етеміз, – деді қала әкімінің орынбасары.

Шара соңында ядролық сынақ полигонының түркістандық ардагерлеріне қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың алғыс хаты табысталды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында Семей полигоны зардаптарымен күресуге қатысқан 579 ардагер бар. Оларға ай сайын 25 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.
2023 жылдың 5 шілдесінде Президент «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет басшысы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Заң нормаларына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр.
Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылады. Арнаулы аймақты кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде құру жоспарланған.

«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңда мына мәселелер қарастырылған: Бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнаулы аймағын құру;
Радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;

Полигон аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *