Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несие алуға аудандағы 144 азамат өтінім білдіріп, оның 108-і мақұлданған.
Бүгінде аталған жоба аясында Ақбастау, Алғабас, Көктерек ауылдық округіндегі 57 азаматтың жылқы, мүйізді ірі қара, уақ малдарды бордақылау, сауынды сиыр алу, ауыл шаруашылық кооперативін техникамен жабдықтау бойынша жобалары қаржыландырылып, кәсіп бастағандар қатары күн санап артып келеді.
Оған дәлел, Ақбастау ауылының тұрғыны Тамара Дәуешова несие алып, кәсібінің нәсібін көріп келеді. Ақбастаулық кәсіпкер бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 6 млн теңге несиеге өтінім білдіріп, аталған сомаға Алматы облысынан 18 бас жылқы сатып алған. Қазіргі таңда жылқыларын үй ауласында бағып, бордақылау ісімен айналысуда. Ал мал баптау ісімен жолдасы екеуі тыңғылықты айналысады.
Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсібін кеңейтпек, осылайша, ауыл тұрғындарынан 5 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді.