Шардара ауданына қарасты Алатау батыр ауылдық округінде «Нұр сила» цехы іске қосылды. Цех — темір мен ағаштан жасалатын кез-келген дайын өнімді шығарады. Атап айтқанда, қоршау, орындық, бастырма, үй жиһаздары мен күрделі бұйымдарға да тапсырыс қабылдайды. Өндіріс орнында жергілікті 50-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылған.
«Қазір Түркістан облысы бойынша бірнеше аудандағы мектептердің қоршауын жасап жатырмыз. Алдағы уақытта бүкіл Қазақстан бойынша тапсырыс қабылдау ойда бар. Сонымен қатар, цехтың көлемін ұлғайтып, көптеген жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз», — дейді өндіріс орнының басшысы Бақытжан Дәулетбаев.
Жұмыс бастағанына әлі ай толмаған кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуға барған Алатау батыр ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ақжаров кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақымен қамтамасыз етуге міндетті екенін ескерсек, барлық салаларда әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай кірісі өседі.
Шежірелі Шардара – қойнауы қазына, жері құтты мекен, облыстың оңтүстік бөлігіндегі қарқынды дамып келе жатқан аудан. Тарихы тереңде жатқан өңірде балығы тайдай тулаған, шағаласы шаңқылдап көк аспанда ойнаған Шардара су қоймасы бар. Бұл – өңіріміздің көз қуанышы, еліміз үшін стратегиялық нысан. Су қойманың мүмкіндігін тиімді пайдалануымыз керек.
Шардараның әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады.