27 жас маман іріктеліп алынды. Түркістан облысында мәдениет саласында жаңа 100 штат ашылды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін хореографиялық 100-ден астам мәдениет қызметкеріне штат берілді. Атап айтқанда, хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер топтары және балалар қуыршақ театрына мамандар қабылдануда. Өнерпаздарға жаңа мүмкіндік ретінде бос жұмыс орындарына кастинг жарияланып, алғашқы байқау 14 тамыз күні өткізілді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 40-қа жуық түрлі өнер майталманы мен жас мамандар қатысты. Атап айтқанда Петропавл, Қарағанды, Тараз, Алматы, Шымкент, т.б. қалалардан, Қызылорда облысынан, Түркістан облысының аудандарынан өнер мамандары келіп, өз бақтарын сынады. Байқауда «Конгресс Холл көпсалалы кешені» МКҚК-ның басшылары мен шығармашылық бөлімінің қызметкерлерінің іріктеуінен 27 жас маман іріктеліп алынды. Қазіргі таңда өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі оркестр жасақталып, би ұжымы іріктеліп жатыр. Екінші кастингті 5 қыркүйек күні өткізу жоспарлануда. Мамандарды Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия іріктейді. Бүгінгі күнге 25 жуық үміткер өз өтінішін білдірген.
Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері теңгенің құны құлағалы құлазып кетті. Себебі сол, жалақы аз. Иә, бұл мәселе биік-биік мінберлерде, билік өкілдерінің аузымен талай көтерілді. Мәжілісмендер мен сенаторлардың да салмақты пікіріне айнала білді. Қанша рет қоғамдық талқылауға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы жоғарылаған жоқ. Жұрттың айлығына алты ай сайын ақша қосылса да, олардың маңдай тері ештеңемен, еш теңгемен өлшене қоймады. Сонда да үмітін үзбестен, ел руханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын су бүріккендей серпілтіп тастады.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәселесін көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деді. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды.