Жәрмеңкеде қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары бар. Арыс қаласында «Мектепке жол» акциясы өтті. Бүгін Арыс қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңке — ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден әрі төмен бағамен алу мақсатында ұйымдастырылған. Осы орайда қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындармен бірге сөрелерді аралап, оқу құралдарының сатылымын бақылап көрді. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған акцияға жергілікті және Шымкент қаласынан 16-дан астам кәсіпкер қатысып, өз тауарларын нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынды.
Жәрмеңкеде қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары бар. Игі шарада қаланың қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтарды тарту етті. Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Еске салайық, биыл міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілген. Атап айтқанда, қазір мектеп оқушылары поло жейде және футболка, водолазка, түймелері немесе ілгегі бар тоқылған жемпір/кардиган кие алады. Сондай-ақ, галстук енді міндетті элемент емес.
Министрлік орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес келетінін еске салды. Мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.
Ұл балаларға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, күнделікті және салтанатты жейде, түймесі немесе ілгегі бар жейде/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, водолазка) кіреді.
Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, түймелері не ілгегі бар тоқылған күртеше/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка) кіреді.
Үлгісі, мектеп формасының түсі классикалық стильде, үш түстен аспайтын бірыңғай түс схемасында сақталады. Мектеп формасының түсі жағымды және ашық түстерден таңдалады, — деп атап өтті ведомство.
Басқарма жалпы білім беретін мектеп зайырлы мекеме болып табылатынын, ол зайырлы ережелер мен жалпы қабылданған іскерлік этикет ережелерін, оның ішінде білім беру мекемесінің қабырғасында киім-кешек пен бас киім киюді сақтауы тиіс екенін еске салды.
Мектеп формасына қойылатын талаптардың 13-тармағына сәйкес, әртүрлі конфессиялардың діни ағымының киім элементтерін қосуға жол берілмейді, — деді Оқу-ағарту министрлігі Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Министрлік мектеп басшылығы мектеп формасына қойылатын талаптарда рұқсат етілген кейбір киімдерді киюге тыйым салса, ата-аналардың қайда шағымдана алатынын да түсіндірді.
Мектеп формасына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарты министрлігінің Білім сапасын қамтамасыз ету комитетіне немесе оның еліміздің әр өңірінде орналасқан аумақтық бөлімшелеріне хабарласу қажет, — деп хабарлады ведомство.