Олардың барлығы мектепте қызмет етеді. Түркістан облысында өткен республикалық сайыста бәйдібектіктер топ жарды . Бірер күн бұрын Түркістанда екі күн бойы «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы өтті. Көпшілікке танымал қоғам белсендісі Олжас Мамырдың идеясымен іске асырылған бұл жоба өткен жылдары Шымкент қаласы, Келес ауданы мен Түркістан қаласында «Ойдода» деген атаумен демеушілердің қолдауымен ғана ұйымдастырылған. «Бұған дейін аталған сайысты бірнеше рет өткіздік. Ол кезде қажетті қаржының барлығын өзіміз және демеушілер болып дайындайтынбыз.
Ал, биыл Түркістан өңірінің басшылығы, оның ішінде облыс әкімі Дархан Аманкелдіұлы тікелей қолдау көрсетіп, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірігіп, республикалық деңгейде өткіздік. Ел жастарының зияткерлік ойындарға деген қызығушылығы өте жоғары. Облыс әкімі алдағы уақытта аталған сайысты халықаралық деңгейде өткізуге қолдау көрсетілетінін айтты. Біз білімді жастарды көбейту жолында қызмет ете бермекпіз», — дейді ол. Интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында ораторлық мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған бұл сайысқа Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 50-ге жуық команда қатысып, жарыста 200-ден астам азамат ақыл-ой сайыстырды. Іріктеу кезеңінде топтар үш-үштен сынға түсіп, үздіктер келесі кезеңге жолдама алып отырды. Осылайша, екінші айналымға өткен 18 команда тағы да өзара жарысып, 9 топ жартылай финалға шықты. Олар жарыстың екінші күні тағы да ақыл-ой бәйгесін жалғастырып, 4 команда ақтық кезеңге жолдама алды. Сонымен бірге, команда капитандары арасында да жекелей сайыс өтті.
Республикалық «AL-FARABI» сайысының финалы Түркістандағы амфитеатрда өткізіліп, ойынның іріктеу кезеңінен қара үзіп шыққан білімгерлер тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Сайыстың ақтық кезеңіне облыс басшысы Дархан Сатыбалды да қатысып, білімпаз азаматтарға сәттілік тіледі. Одан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев бастаған әкімдік қызметкерлері де көрермен арасынан бой көрсетті. «Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан интеллектуалды сайыс биыл Түркістанда республика көлемінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл сайыс Түркістан қаласын «Интеллектуалды қала» ретінде жаңа бағытпен өркендетуге септігін тигізеді. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, өзге мемлекеттің жастарымен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Al-Farabi» интеллектуалды сайысын халықаралық деңгейде өткізу қажет деп есептеймін. Президентіміз Үкіметке жас ғалымдарды қолдау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Демек, қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алды деуге негіз бар.
Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермей еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын», – деді Дархан Аманкелдіұлы сайыс барысында.
Сайыс нәтижесіне сәйкес, төртінші орынды облыс орталығының намысын қорғаған «Key To Life» командасы еншіледі. Екінші орынға Алматыдан келген «Oilike team» командасы ие болып, Шымкент қаласынан келген «Әл-Фараби» командасы үшінші орынды місе тұтты. Ал, білімдері мен жылдамдықтарын дәлелдеп, жүзден жүйрік атанған Бәйдібек ауданының «BBC» командасы бас бәйгені қанжығалап, облыс халқын бір марқайтып тастады. Өз кезегінде жеңімпаздарды марапаттаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды I орын алған командаға 500 000 теңге, II орынға 300 000 теңге және III орын иегерлеріне 200 000 теңге қаржылай сыйлықты табыстады. Сонымен қатар, команда кпитандары арасында өткізілген «Үздік білімгер» сайысы бойынша 1-орынға 150 000 теңге, 2-орынға 100 000 теңге және 3-орын иегеріне 50 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. Одан бөлек, жарыста жақсы ойын өрнегін көрсеткен оннан аса командаға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. Осы ретте, жарыс жеңімпазы атанған бәйдібектік білімпаздарға тоқтала кеткенді жөн санадық.