ТҮРКІСТАН: Мектептерде жылу маусымына дайындық басталды

Қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 26 білім ошақтары қосылған. Түркістан облысындағы мектептерде жылу маусымына дайындық басталып кетті . Кентау қаласында жалпы саны 40-қа жуық мемлекеттік білім беру нысаны бар. Оның ішінде 23 мектеп болса, қалған 14-і балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бірқатар білім мекемелерінің нысандарын аралап, қысқы маусымға дайындық барысымен танысты. Қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 26 білім ошақтары қосылған. Қалғаны шағын қазандықпен жылытылады. Сондай-ақ биыл 2 мектепке газ қазандықтарын орнату бойынша жұмыстар атқарылуда. Қаладағы Д.Қонаев атындағы мектеп пен А.Молдағұлова атындағы №19 мектептің техникалық құжаттары мен жобалық сметасы жасалып, қаржы бөлінген. Бүгінде газбен жылыту жүйесін енгізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептердегі анықталған кемшіліктер бойынша жауапты мамандар жөдеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа оқу жылына дайындап жатыр.

Жаңа оқу жылына дайындық барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Білім саласына қатысты мәселелер облыс әкімінің жігі бақылауында. Өңір басшысы облыстағы жалпы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен жылу маусымына дайындығын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарынының уақытылы аяқталуын жіті қадағалауды жүктеді. Білім беру ошақтарының жаңа оқу жылына толық дайын болуын, барлық балабақша, мектепке автобус тасымалдауы жайында тапсырмалар берді.

Облыстағы мемлекеттік 1 мың білім беру мекемелері 100% дабыл батырмаларымен қамтылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс білім беру ұйымдары күзет фирмаларымен келісім-шартқа тұруда. Қажеттікке байланысты беру ұйымдарының қоршауы жаңартылуда. Ішкі әжетханасын ретке келтіруі тиіс 89 мектепте кәріз жүйесін ретке келтіруі жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Балаларымыздың сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. білімді ұрпақ – біздің басты құндылғымыз. Сондықтан оқудың барлық кезеңінде балаларға қолайлы жағдай жасау – бізідң негізгі міндетіміз. Жаңа оқу жылына дайындық, мектепке тасымалдау, білім ұяларының жылыту маусымына дайындығы қатаң бақылауда», — деді облыс әкімі.

28 мектептің жылу жүйесі газға өтті. Бұл жұмыстарға 70 мектепке бюджеттен 1 млрд. 665 млн. теңге қаржы қаралған. Білім беру мекемелерінің жылыту жүйелеріне гидравликалық сығымдаудан өткізіліп жатыр. Осы және тағы басқа атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев баяндама жасады.

«Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған облыстық бюджеттен 6 млрд. 197 млн. теңге қаржы қаралған. Облыста жалпы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1 қыркүйекте 5 мектеп тапсырылса, жыл соңына дейін 14-і және 2024 жылы 14 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыста 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мерзімінде аяқтамаған мердігер компанияларға заңнама талаптарына сәйкес шара көріледі. Соның бірі Сарыағаш ауданындағы, №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер «Шаңырақ-21» ЖШС-іне 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынды», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 жаңа заманауи автобустар алынды. Олар 101 мектепке жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *