Түркістан облысы Келес ауданында спорт саласын дамытуға басымдық беріліп келеді. Оған дәлел, ауданда жалпы саны 9 кіші футбол алаңының құрылысы аяқталды. Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда.
Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ Президент мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда екенін айтып, қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығын да ескертті. «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Киелі Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, денешынықтыру бағытындағы спорт үйірмелерін, тұрғындарға арналған алаңшаларды көптеп ашуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы тұрғыдан алатын болсақ, өңірде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар саны артып отырғаны байқалады. Яғни облыс бойынша көрсеткішті биыл 38,86 пайызға, ал 2025 жылға дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылардың санын 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Жалпы алғанда, облыс тұрғындарының спортқа ден қойып, көрсеткіштің жылдан жылға өсіп отырғаны қуанарлық жәйт. 2022 жылдың 11 айында облыс аумағында 2 146 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 289 816 адам қатысса, оның ішінде, ауылдық жерде 1 561 іс-шара өткізіліп, 197 723 адам қамтылды. Түркістан шаһарындағы бұқаралық спортты дамыту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, мақсатында жарыстар ұйымдастырылып жұмыстар атқарылуда. Түркістанда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 39,04 %-ын құрап отыр. Бұл ретте, қалалық адами капиталды дамыту бөлімімен бірлескен жұмыстар да қала спортының дамуына септігін тигізуде.
Атап айтқанда, мектеп оқушылары, мұғалімдер арасындағы спартакиадалар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындарының студенттері, оқытушылары арасында спартакиадалар, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар, ҚР атаулы мерекелері қарсаңында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілуде.