Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Түркістан облысының прокуратурасында прокуратура ардагерлерінің қатысуымен салтанатты шара өтті. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев барлық қызметкерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік жиында жаңадан тағайындалған қызметкерлер ант қабылдады. Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған шағын футболдан, үстел теннисінен және басқа да жарыстан жеңген жеңімпаздарды марапаттады. Салтанатты шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – еліміздің әрбір азаматы үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке! Конституциялық реформа аясында қазіргі таңда прокуратура органдарының мәртебесі нығайып, осы арқылы оның мемлекеттік құрылымдағы орны мен маңызы айқындалды. Енгізіліген жаңалықтар қадағалаушы органның құқық қорғау әлеуетін жетілдіруге және қадағалаудың тиімділігін арттыруға бағытталды.
Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданған болатын. Ал тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Оған дейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды.
Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды.
Қазақстан егемен ел атанғалы бері Ата заңның баптарына бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Мәселен, 2011 жылы қаңтарда ҚР парламенті Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша «бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды». Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне «Елбасы» мәртебесі берілді. Одан кейін тағы екі рет өзгертілді. Жалпы, Ата заңымыз қабылданғалы бері оған бес рет өзгеріс енгізген.
Ал былтыр 5 маусымда Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп, Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды. Әсіресе, негізгі заңнан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесінің алынып тасталуы қоғамда қызу талқыланды. Атап айтқанда, 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырым және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды. Бұдан бөлек енді жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Депутаттарды сайлау жүйесі де өзгерді.
Сондай-ақ елімізде Конституциялық сот құрылып, қазақстандықтар оған өз бетінше жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынады. Айта кетері, осы жолғы референдум арқылы қабылданған Конституция 99-баппен толықтырылды. Енді Қазақстанның Ата заңы 9 тараудан және 99 баптан тұрады. Қазақстанда адам құқықтары мен бала құқықтары уәкілдерінен бөлек халықтың осал санаттарының құқықтары мен бизнес омбудсмендер құрылды.