ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖАҢА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ

Сарыағаш ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ерекше аталып өтуде. Аудан көлемінде салтанатты түрде бірнеше жаңа нысанда ашылып, пайдалануға берілді. Соның қатарында Жылға ауылдық округі, Қарақалпақ елді мекеніндегі 25 адамға медициналық алғашқы көмек көрсете алатын дәрігерлік амбулотория. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Мереке қарсаңында ауданымызда әлеуметтік маңызы бар тағы бір нысан ашылды. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуы көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге, сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сіздерді келе жатқан мерекемен құттықтаймын, зор денсаулық пен амандық тілеймін. Еліміз жыл сайын дамып, өркендей берсін, — деді аудан басшысы.

Дәрігерлік амбулатория осы елді мекен тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету үшін, медицина мамандарының бар білімі мен біліктілігін салуға мүмкіндік бергелі отыр. Өйткені заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған амбулатория әрбір азаматтың диагнозын нақты анықтап, тиісті ем-шараларды дер кезінде қабылдауына жол ашпақ.
Шара барысында қуанышты бөлісуге келген аудан басшысына ауыл тұрғындары өз ризашылығын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тілеп, ақ батамын берді. Алдағы уақытта дертіне шипа іздеген ауыл халқы осы пунктке келіп, дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша ем-шараларын қабылдай алады.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына келушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Еліміздің әр аймағынан Сарыағаш шипажайларына сұраныс көп. Осы орайда, биыл олардың қатары «Comfort KZ» шипажайымен толықты. Жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізе бастаған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі жеке кәсіпкер Шыңғыс Құрбановтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетсек, «Comfort KZ» шипажайының құрылысы 2021 жылы басталып, енді халық игілігіне пайдалануға берілді. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 80-100 адам. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі шешіліп жатыр. Жалпы, Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 55 емдік сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *