ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА СПОРТ САРАЙЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Конституция күні қарсаңында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Спорт сарайы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, бокстан Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, аудан тумасы Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов және аудан тұрғындары қатысты.

Жиында құттықтау сөз алған аудан басшысы Бақыт Асанов спорттың адам денсаулығын нығайтуда алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін көптеген спорт нысандары ел игілігіне беріліп жатқанын тілге тиек етті.

– Өздеріңізге белгілі, кентіміз аудан орталығы атанған 5 жыл ішінде көптеген құрылыс нысандары салынды. Соның бірі әрі бірегейі, бұған дейін еш болмаған спорт сарайында жастарымыз шынығып, үлкен додаларда топ жарады деген сенімдемін. Осы жерден еліміздің көк туын әлемдік аренада желбірететін Мұхтархан мен Біржан сынды мықты спортшыларымыз шыға берсін деген тілек білдіргім келеді, – деді аудан әкімі.

Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта 2 үлкен спорт залы және жаттығу залы, сабақ өтуге арналған арнайы залдар бар. Бірінші қабаттағы спорт залында спорттың гандбол, баскетбол, волейбол түрлері дамытылады. Ал екінші спорт залында күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.

Бұдан бөлек, әкімшілік қызметкерлеріне арналған кабинеттер мен бөлмелер, дәрігерлердің кабинеті, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, спортпен шұғылданушылардың демалуына арналған үй-жайлар, санузелдер және ғимарат сыртында автотұрақ пен шағын футбол алаңшасы орналасқан.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Келес ауданында спорт саласын дамытуға басымдық беріліп келеді. Оған дәлел, ауданда жалпы саны 9 кіші футбол алаңының құрылысы аяқталды. Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда.

Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *