КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Салтанатты іс шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

-Сіздерді еліміздің ата заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Конституция — заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат. Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан егемен еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Президентіміз ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялап, Жаңа Қазақстан идеясын өмірге әкелді. Оның өзегі — әділдік пен заң үстемдігі. Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды. Мемлекетіміз үшін аса маңызды мерекеде баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз еліміз өркендей берсін!-деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Бұдан бөлек салтанатты шарада «Өнерлі өлке» фестивальінде жүлделі орын алғаны үшін арнайы алғыс хат, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Сонымен бірге,іс-шарада алғашқы мемлекеттік қызметке орналасқан жас мамандардың ант беру рәсімі болды.
Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген салатанатты іс -шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, көрермен назарына ұсынылды.
Мемлекет басшысы былтырғы жалпыұлттық референдум еске алды. Оның айтуынша, референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі.
«Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды. Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін», — деп атап көрсетті Тоқаев.

Айта кетері, кеше мейрамның алдында президент адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, Конституциялық сот қайта құрылғалы бері халықтың біраз арызы қаралды. Бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған еді. Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *