Ауданда шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Бүгінгі таңда, шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына халық сұранысының көп болуына байланысты шипажайлардың саны жылдан жылға артып келуде.
Бүгінде олардың қатары «INJU RESORT» шипажайымен толықты. Жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізіп бастаған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі, жеке инвестордың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, «INJU RESORT» шипажайының құрылысы 2023 жылы аяқталып, бүгінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 70 адам. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі шешілуде.
Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 57 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ерекше аталып өтуде. Аудан көлемінде салтанатты түрде бірнеше жаңа нысанда ашылып, пайдалануға берілді. Соның қатарында Жылға ауылдық округі, Қарақалпақ елді мекеніндегі 25 адамға медициналық алғашқы көмек көрсете алатын дәрігерлік амбулотория. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Мереке қарсаңында ауданымызда әлеуметтік маңызы бар тағы бір нысан ашылды. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуы көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге, сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сіздерді келе жатқан мерекемен құттықтаймын, зор денсаулық пен амандық тілеймін. Еліміз жыл сайын дамып, өркендей берсін, — деді аудан басшысы.
Дәрігерлік амбулатория осы елді мекен тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету үшін, медицина мамандарының бар білімі мен біліктілігін салуға мүмкіндік бергелі отыр. Өйткені заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған амбулатория әрбір азаматтың диагнозын нақты анықтап, тиісті ем-шараларды дер кезінде қабылдауына жол ашпақ.
Шара барысында қуанышты бөлісуге келген аудан басшысына ауыл тұрғындары өз ризашылығын білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тілеп, ақ батамын берді. Алдағы уақытта дертіне шипа іздеген ауыл халқы осы пунктке келіп, дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша ем-шараларын қабылдай алады.