Түркістан: Білім мәселесі басты назарда

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында білім беру мәселесіне кеңірек тоқталды. Ұлттың сапалы болуы әуелі денсаулығы мен біліміне байланысты екенін айтқан президент бұл істі мектепке дейінгі тәрбие жұмысынан бастау керектігін жеткізді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың көбі балабақшаға барады. Алайда, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі толыққанды шешілмей келеді. Тіпті, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы да өзгеріссіз қалып жүр. Президент балалардың тәрбиесі отбасы мен балабақшада қалыптасатынын ескеріп, тәрбиешілердің де мәртебесі мен еңбекақысын көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда тәрбиешілердің жүктемесін азайтып, аттестациядан өткізу қажеттігін ұсынды.

Оқу-ағарту министрлігі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектептерде орын тапшылығы үлкен мәселеге айналғалы біраз жыл. «2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 260 мектепті салып жатырмыз. Бізге 2025 жылға дейін мың мектеп салу тапсырмасы жүктелген. Алайда, бұл жоспар ойдағыдан да жылдап жүзеге асып жатыр. 1 мың мектеп салынса, миллион бала оқып, үш ауысым толық жойылады» деген болатын. Демек, үш ауысымды мектеп мәселесі шешілетін уақыт та алыс емес. Бастысы мектеп пен балабақша салу – Үкімет пен жергілікті әкімдіктің назарында болуы тиіс.

Егер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы толығымен іске асырылса, еліміздегі мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымдық мектептердің де мәселесі шешілетін еді. Бұл туралы оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кездесулерде былай деп пікірін білдірді. Оның айтуынша, еліміздегі үлкен мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бірақ аталмыш мәселе өзінің уақытымен шешіледі. Осыған орай, біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 277 мектепті іске қостық. Ал «Жайлы мектеп» жобасы жөнінде айтатын болсақ, жоба бойынша салынған мектептер жай мектерден өзгеше болатыны анық. Әрі осындай заманауи мектептер көптеп салынса, әр ата-ана балаларын сол мектепке беруге асығады. Әрі балаларда заманауи тұрғыда ерекше білім алып шығуына үлкен мүмкіндік болады. Сондай-ақ жоба бойынша салынған елордадағы мектеп заманауи, әрі балаларға қолайлы болғандықтан, ол мектеп лезде оқушылармен толықты. Ал ондағы жасалған жағдайлар қандай? Деген сұраққа келсек, біріншіден, онда робототехника, физика, химия, мектептері орналасқан. Сонымен қатар заманауи құрылғылармен толығымен жабдықталған. Алдағы уақытта осындай мектептерді көбірек саламыз. Және ол мектептерде бастауыш сыныптарға арналған арнайы блок болады. Әрі оның жеке асханасы мен дәретханалары да жоғары сыныптан бөлек орналасады. Осындай жоба бойынша салсақ, мектептегі әлімжеттік мәселесі де шешіледі», – дейді министр.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасымен қатар, мектеп формалары жайында да мәселелер қозғалған болатын. Бұл туралы Президент: «Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімделген жөн», – деген ойымен де бөлісті. Бұның өзі ата-аналар мен мектеп мұғалімдері үшін жағымды жаңалықтардың бірі саналады.
Тағы бір айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінген. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы вице-министрі Татьяна Савальева хабарлаған болатын. Вице-министр аталмыш мәселе туралы: «Жолдаудағы «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы бойынша жоғары іс-шаралары 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында көрініс тапты. Жоба әзірленіп, келісу сатысында тұр. Оны іске асыруға үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасында 2,6 триллион теңге көзделген» — деп түсіндірді.
Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің бірқатар ірі өңірлерінде жоба бойынша жұмыстар басталып кетті. Мәселен, Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Бұл жөнінде түнегүні облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Өңір басшысы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе, бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиевтің мектептер құрылысы бойынша баяндамалары мен есептері тыңдалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскесіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады. Д.Амангелдіұлы аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа дайындықты бастау жөнінде тапсырма берді.
Жиында өңірдегі құрылысы жүріп жатқан мектептер мәселесі де қаралды. Сонымен бірге жұмыстары кешеуілдеп жатқан нысандардың жай-күйі сарапталды. 2022 жылы Түркістан облысында 54 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,3 миллиард теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 22 мектепті (5100 орын) пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 мектеп (Мақтаарал, Сарыағаш-2, Келес, Төлеби-2, Түлкібас-1, Бәйдібек аудандарында) ел игілігіне берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады деп көзделіп отыр.
ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Қазір салынатын мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынатын болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, өз әжетханалары, өз спортзалдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікті қарастырдық» — дейді. Өз кезегінде Нұрбол Тұрашбеков Түркістан қаласындағы балабақшалар саны 108-ді құрап отырғанын, олардың 21-і мемлекеттік болса, 87-сі жекеменшік нысан екенін жеткізді. Жалпы балабақшадағы балалар саны – 15 144. «Сонымен қатар қаламызда мектептен тыс 7 мекеме бар. Үйірмелерге қатысатын оқушы саны – 4 556. Қазіргі таңда қалада күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 11 мектеп бар» — дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *