ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар лагерлерінің жай-күйі, білім саласындағы өзекті мәселелерге қатысты өткір сұрақтар қойылды. Өңір басшысы білім саласын қолдау басты назарда тұрғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.
– Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүруде.
Түркістан облысында алдағы 3 жылдықта 100-ге тарта мектеп бой көтермек. Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды. Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Осыған дейін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков білім беру саласына ерекше тоқталған болатын. Және Жайлы мектеп жобасы аясында тағы 7 мектеп салынбақ еді. Оның сөзіне қарағанда, Түркістан қаласындағы мемлекеттік бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының саны – 34, ал жеке мектеп – 26. Жалпы оқушы саны 50 841-ге жеткен. 2 ауысымда 30 мектеп болса, 4 мектептің оқушылары 3 ауысымда оқып жатыр екен. Олар: Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі, М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектебі, Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, №23 жалпы орта мектебі. Өз кезегінде қала әкімі 3 ауысымға өту қауіпі бар мектептерді де жасырмай айтты. Олар: Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 183, Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 151, Нәзір Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебі, мұндағы орын тапшылығы — 520.
Өткен жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Олар: Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектебі. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Бірлік» шағынауданында 1 жеке мектеп салынуда. Алдағы уақытта 9 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр екен: 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 2 мектеп бой көтермек (Әмір Темір – 300 орындық, Баянауыл — 600 орындық).
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 7 мектеп салынады. (Әкімшілік-іскерлік орталығында 3 мектеп — 6000 орындық, Яссы шағынауданында 2 мектеп – 2100 орындық, Отырар шағынауданында 1 мектеп – 1200 орындық, Бекзат шағынауданында 1 мектеп — 1200 орындық).
«Жайлы мектеп» демекші, биыл оқу жылында еліміз бойынша 7600 мектеп 3 миллион 700 мыңдай балаға білім беруге кірісіп кетті. Алайда, бұған дейін қаншама бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысса да, түйткіл әлі де өзекті.
Cоңғы жылдары ел үкіметі білім саласына шындап көңіл бөле бастады. Себебі, елімізде әлі күнге үш ауысымды мектептердің саны азаймай тұр. Бұл тұрғыда президент арнайы тапсырма беріп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді жүктеді. Сәтін салса, жоба бойынша 2025 жылға дейін 840 мың бала жаңа әрі соңғы үлгіде жабдықталған мектепте білім алады. Мұндай білім беру ұялары қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуына әкеледі деген үміт бар. Айтпақшы, қала мен ауыл мектептерінің оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, орын жетіспеушілін түпкілікті жою, қауіпсіз, жайлы білім беру мәселесі «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасында да көтерілген. Бірақ бір емес, екі жобаның арқалар жүгіне айналған мәселе қалай шешімін таппақ? Бұл тұрғыда мемлекет басшысы мынадай ұсыныс айтты. Егер жемқорлық дерегі бойынша сотталған шенеуніктердің заңсыз ақшасы мемлекетке өтсе, бұл қаражат толықтай мектеп құрылысына көзделуі тиіс.
«Жайлы мектеп» – бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жобаның мақсаты жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Яғни, балабақша, мектептерде орыс жетіспеушілігі мәселесі туындамауы үшін қолға алынған жобаның аясында бірталай білім беру мекемесі салынуы тиіс.
Айта кету керек, былтырдан бері елімізде 674 балабақша есігін айқара ашса, 326 мектеп қолданысқа берілді. Одан басқа 1436 білім ұясына қайта жөндеу жүргізілген. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 840 мың орын болатын мектеп салу жоспарланып отыр.