2023-2024 оқу жылында оқушылар оқулықпен 100% қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 200 мыңнан астам мектеп оқулықтары жаңартылады. Жаңа оқу жылына дайындықтың негізі — білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамту. Осы орайдаТүркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан орта білім беру мекемелерін оқулықпен қамту мақсатында 13 баспамен келісім шарт жасалған. Нәтижесінде аудан, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімдерінің сұранысы негізінде 1 191 526 оқулыққа өтініш берілді. Жалпы 2023-2024 оқу жылына 213 915 оқулық жаңартылмақ. Оның ішінде 1-2-сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» пәнінен электронды оқулықтар мен Оқу-әдістемелік кешендері және «Бейнелеу өнері» пәні бойынша мұғалімге арналған электронды форматтағы әдістемелік нұсқаулықтар бар. Сондай-ақ, 1-2-сыныптарға арналған «Еңбекке баулу» пәні бойынша мұғалімге арналған электронды форматтағы әдістемелік нұсқаулықтар мен 2-сыныпқа арналған «Орыс тілі» оқулықтары мен Оқу-әдістемелік кешендері жаңарады. Айта кетсек, 2023-2024 оқу жылында оқушылар оқулықпен 100% қамтамасыз етіледі.
Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 жаңа заманауи автобустар алынды. Олар 101 мектепке жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады.
Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін мектеп формасы және оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 316 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы санаттағы 32 455 балаға 40 567 теңгеден қаралып, ата-аналарының шоттарына қаржылай аударым жасалды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам оқушы қамтылады.
Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Ғалымжан Алматов жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысын баяндады. Мониторинг барысында білім беру ұйымдарындағы интернет, күрделі және ағымдағы жөндеу, қауіпсіздік, жылы санитарлық тораптар (әжетханалар), спорт залдары, асханалар, пәндік кабинеттер, робототехника кабинеттері сияқты мәселелер қамтылды.