ТҮРКІСТАНДА ҚҰРЫЛЫМДАР МЕН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ БІРЛЕСКЕН БАСҚОСУЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ң ұйымдастыруымен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен отырысы өтті.
Аталған шараға облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов модераторлық етті. Басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Керімбек Мырзабаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай, Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев, Түркістан облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестік төрағалары, жастар мен облыс тұрғындары қатысты.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Керімбек Мырзабаев басқосудың маңызына тоқталып, отырыс жұмысына сәттілік тіледі. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай қоғамда бала тәрбиесіндегі ананың алар орнының ерекше екенін айта келе, облыстағы Аналар кеңесі ауқымды жұмыстар атқарып жатқандығын жеткізді.

Түркістан облысы полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылхан Төреханов кәмелет жасқа толмаған жастар арасындағы қылмысты алдын алу үшін оқу ордаларында ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, ерте тұрмысқа шығудың да деректері бар екенін тілге тиек етті. Асылхан Сейдіханұлы ата-аналар балаларының кімдермен жүргендеріне мән беру қажеттігін атап өтті.
«Ассамблея жастары» РҚБ-ң Түркістан облыстық өкілдігінің мүшесі Наталья Григорьева жалынды жастардың еліміздің гүлденуі жолында жасап жатқан игі жұмыстарына тоқталып, өзінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдірді.
Шара барысында жиналған жұртшылық өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерін айтты. Сонымен қатар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *