Бүгін Түркістан облысы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінің секциялық басқосуында 33 үздік ұстаз арнайы алғыс хаттар берілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан 3 бағыт бойынша ұстаздар қауымы марапатталды.
Қошеметке ие болғандардың тиісті білім беру деңгейі бойынша білім беру және тәрбие процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру жане тәрбие бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары еленді.
Ұстаздарға “Білім саласын дамыту жолында қол жеткен табыстары және оған қосқан үлесі үшін” деген ҚР Оқу-ағарту министрінің алғысы мен “Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін” құрмет грамотасы және еліміздің бас ұстазының атынан “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі” құрмет дипломы табысталды.
Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған облыстық бюджеттен 6 млрд. 197 млн. теңге қаржы қаралған. Облыста жалпы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1 қыркүйекте 5 мектеп тапсырылса, жыл соңына дейін 14-і және 2024 жылы 14 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыста 21 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мерзімінде аяқтамаған мердігер компанияларға заңнама талаптарына сәйкес шара көріледі.
Облыс бойынша 180 елді мекенде 15 225 бала мектепке тасымалданады. «Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 101 жаңа заманауи автобустар алынды. Олар 101 мектепке жеткізілді. Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалы мемлекет теңгеріміндегі 120 және мердігер фирма меншігіндегі 68 автобуспен ұйымдастырылады.
Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары үшін мектеп формасы және оқу құралдарын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 316 млн. теңге қаржы бөлінді. Осы санаттағы 32 455 балаға 40 567 теңгеден қаралып, ата-аналарының шоттарына қаржылай аударым жасалды. Республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам оқушы қамтылады.