ҚР Конституция күні мерекесіне орай Сарыағаш ауданында заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп ашылды.
Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы барлық жағдай жасалған. Мектептегі су мен жылу және санитарлық құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында спорт залы, кітапхана, оқу залы бар. Сондай-ақ, химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған.
Одан бөлек, тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме, кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Сонымен қатар, өртке қарсы дабылқаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.
Түркістан облысында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында халық игілігі үшін бірқатар нысан пайдалануға берілді.
Атап айтсақ, облыс орталығында заманауи «Мұз сарайы» ашылды. Спорт нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады.
– Бүгін тарихи күн. Еліміз үшін қастерлі Конституция күні қарсаңында Түркістан облысында алғаш мұз сарайы ашылды. Балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек спорт түрімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, спортшыларға арналған дәрігерлік диспансерінің құрылыстары жүргізіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.