Ауданда Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне орай заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп ашылды.
Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып қатысып, лентасын қиып, ішін аралап көрді. Оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, ақ жарма тілегін жеткізді.
— Құрметті ауыл тұрғындары, ұстаздар, баршаңызды Конституция күнімен және алдағы Білім күні мерекесімен құттықтаймын. Қос мереке қарсаңында жаңа білім ордасы ашылып, тағы бір қуанышқа кенеліп жатырсыздар. Ендеше жаңа мектеп ғимаратты баршаға құтты болсын. Еліміздің дамуы мен болашағы білімді, дені сау ұрпаққа байланысты. Біздер бұл саланы жіті назарда ұстауға тырысып келеміз. Қазіргі таңда ауданда жаңа мектептердің және «Жайлы мектептер»құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгін, міне, Бағыста да сондай істің куәсі болудамыз. Баршаңызды жаңа білім ордасы жаңа жетістіктерімен қуантсын.Ұстаздар қауымы балаларға жақсы білім берулеріңізге сенім білдіремін!,-деді аудан басшысы.
Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы 2022 жылы басталған. 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында үлкен дәліз, кітапхана бойынша оқу залы бар.
Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме,кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары,жеделсаты да орнатылған.