Өз кезегінде, «Оқушылар сарайының» жас таланттары патриоттық рух пен Отансүйгіштік сезімді оятатын әндер мен жыр жауһарларын орындап, көрерменге күмбірлеген күй ұсынды. Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубында «30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күніне» орай мерекелік іс-шара өтті. Бүгін Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубында «30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күніне» орай «Айбары асқақ Ата заң» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған концерттік бағдарлама Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, кешті тамашалауға келген қала қонақтары мен тұрғындарды, ата-аналар мен жасөспірімдерді мекеме директоры Индира Икапова маңызы зор мерекемен құттықтады. «Құрметті, Отандастар! Сіздерді «30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституция күні» мерекесімен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі, еліміздің тірегі болған Ата заңымыздың әлемдік аренадағы орны әрдайым биікте болсын. Даналығымен тәнті еткен ата-бабаларымыздың дала заңдарынан бастау алған Конституциямыз әрбір азаматтың құқығын қорғап, Әділетті Қазақстанның өзегі ретінде мәңгі жасай берсін. Айбыны асқақ Ата заң – әрбір азамат құрмет тұтуы тиіс байлығымыз. Бүгінгі балаларымыз ұйымдастырып отырған мерекелік іс-шара барша азаматқа рухани азық сыйлап, Конституция беделінінің одан сайын асқақтауына септігін тигізеді деп сенемін», — деді Индира Сарқытқызы өз сөзінде. Өз кезегінде, «Оқушылар сарайының» жас таланттары патриоттық рух пен Отансүйгіштік сезімді оятатын әндер мен жыр жауһарларын орындап, көрерменге күмбірлеген күй ұсынды. Ал, іс-шара соңында «Атамекен» әнін хормен шырқап, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары қабылданған болатын.
Ал тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Оған дейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды.
Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде 9 тараудан және 98 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды.
Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.