«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Түркістандағы облыстық кітапханада «Елім-ай» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары анықталды. Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасына 300 жыл толуына орай «Елім-ай» республикалық онлайн байқауы өтті. Аталмыш байқауға ақын, әдебиет жанашыры Арқалық Әмәлият, ақын, журналист Бауыржан Ерман және облыстық «Farab» кітапханасының бөлім басшысы Дана Байдәулетова әділ-қазылық етіп, екі кезең бойынша үздік деп танылған үміткерлерді анықтады. Байқау барысында үміткерлер «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын баяндайтын эссе, «Елім-ай» әні және ұлттық код (3 минуттық бейнеролик) дайындаған болатын. Нәтижесінде Атырау облысынан қатысқан Еркежан Қаден жеңімпаз атанып, Қызылорда облысынан Асылай Бектасқызы жүлделі І орынды, Қызылордалық Ұлдана Серікқызы ІІІ орынды иеленді. Қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталады. Айта кетейік, байқаудың басты мақсаты – қазақ тарихындағы қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын көрсете отырып, ұлттық бірлікті насихаттау.
1723-1727 жылдар қазақ халқының жадында тарихтағы қиын кезеңдердің бірі ретінде қалды. 1722 жылы ойраттармен ұзақ уақыт соғысқан цин боғдыханы Канси қайтыс болғаннан кейін Қытаймен шекарада біраз орнаған тыныштық Цеван-Рабтанның Қазақстанға жаңа күшті соққы беруіне мүмкіндік берді. Осылайша 1723 жылдың көктемінде жоспарланған жаулап алу жорығы қазақ халқының тарихына «Ұлы апат жылдары» — «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енген. Шәкәрім Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, «жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы» делінген. Дәл сол жылдары қазақтың ең көне әні – жоқтау «Елім-ай» қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді. Қазақтар шайқас алаңында 100 мыңға жуық жауынгерден айырылды, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны бірнеше есе көп болды. Абылай ханның айтуынша, он адамның төртеуі есепке алынбады. Аман қалғандар мал-мүліктерін қалдырып, Отанынан қашты. Ұлы апат кезінде қазақтар Жетісудың бай жайылымдарын жоғалтып, көшіп-қонудың дәстүрлі бағыттары бұзылды, сауда, қолөнер орталықтары құлдырап, мал саны күрт азайды. 1728 жылдың көктемінде жоңғарлармен шайқас қазақтардың үлкен жеңісімен аяқталды. Жоңғарлармен қарсыласуды ұйымдастыруда Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Малайсары батырлар маңызды рөл атқарды. Сол кезеңде қазақ халқының бірігуіне үш жүздің билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би елеулі үлес қосты.