ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 7 ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Бүгін Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында «Парасат» жекеменшік мектебінің ашылу салтанаты өтті. Білім ошағы барлық талаптарға сай, заманауи үлгіде салынған. 500 балаға арналған мектепте 50-шақты білікті маман қызмет атқарады.
Игі шараға аудан әкімі Арман Сәбитов арнайы қатысып, жаңа мектептің ұстаздары мен ата-аналарды және оқушыларды айтулы күнмен құттықтады.
Сонымен қатар, биыл ауданда 3566 орындық 7 жекеменшік мектеп ашылады деп жоспарлануда. Сайрам ауданы жекеменшік мектеп салудан өңірде алғашқы орында келеді. Сондай-ақ, ауданда 7962 мұғалім жұмыс істейді.
Жалпы ауданда 64 мыңнан аса оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 201 білім беру мекемелері жұмыс атқарады. Оның ішінде 74 мемлекеттік мектептер болса, қалған 22- і жекеменшік мектеп екені анықталды. Сондай-ақ, 11 мемлекеттік және 83 жекеменешік балабақша іске қосылған.
Жаңа мектепттің жобалық құны 400 млн. теңгені құрайды. Мультимедиялық оқу залдары, физика, химия, биология, информатика, кабинеттері интербелсенді тақталармен жабдықталған.
Қазіргі таңда облыста 9 үш ауысымды, 8 апатты мектеп болса, ал, оқушы орынының тапшылығы 30 мың орынды құрайды. Мемлекет жоспарына сәйкес аталған мәселені 2025 жылға дейін шешу жоспарланған. Жаңа оқу жылының басталуында облыста 17 жекеменшік мектеп (жалпы көлемі 5 мыңнан астам орындық) пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ды құрап, онда 30 мыңға жуық оқушы білім алатын болады. Ал жыл соңына дейін тағы 7 жекеменшік мектеп ашылуы жоспарланған.
Облыс колледждеріне биылғы жылға кәсіптік білім алуға ниетті жастар үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі артты. Республикалық бюджеттен қаралған 15 300 грант 43 колледж арқылы толық игерілді. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 4 мыңға көбейді. Мамандық түріне қарай бір студентке бюджеттен бөлінетін жылдық оқу құны 850 мың теңге мен 1 млн. теңге аралығында. Биыл гранттарды орналастыруда ашықтық қағидаты қатаң сақталды. Оқуға ниетті жастармен тек білім саласының қызметкерлері ғана емес облыстағы Жастар ресурстық орталықтары да тығыз жұмыс жүргізген. Қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 22 мыңнан 32 мыңға, ал 2024 жылдан бастап 42 мыңға артады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *