Білім күніне орай, Шардара қаласынан жекеменшік «iBilim» мектебі ашылды. Салтанатты жиынға аудан басшысы Қайрат Жолдыбай арнайы қатысып, білім ордасының ашылуына атсалысқан барша азаматтарды құттықтады.
«IBilim high school» (Айбілім Хай Скул) – жоғарғы сыныптарға арналған заманауи мектеп. 2018 жылдан бері Шардара қаласында мектеп оқушыларына дайындық курсы ретінде негізі қаланған білім ұясы күні бүгінге дейін тұрақты түрде жұмыс атқаруда.
Бұл курстың алғаш рет жұмыс бастауына мемлекеттің қолдауымен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 3000000 теңге қайтарымсыз грант алуына себепкер болған. Ол қаражат қажетті құрал-жабдықтар мен оқу құралдарын алуға жұмсалған.
Аталған 5 жыл ішінде 2000-ға жуық оқушыны оқытып, олардың 90%-ы яғни, 1800 оқушының грантқа түсуіне септігін тигізіп отыр. Енді осы 2023-2024 оқу жылынан бастап IBilim High School мектебі мемлекеттік стандарттарға сәйкес, мектеп бітіруші түлектерге аттестат беретін, барлық талаптарға сай келетін жеке меншік мектеп ретінде тіркеліп, жұмысын жалғастыруда.
Мектептің ғимараты мен ішкі жиһаздары жеке инвесторлардың есебінен қарастырылған. Ғимараттың іші-сырты толығымен күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, заманауи талаптарға сәйкес стандартталған. Білім ордасынан айналатын ғимаратқа жеке инвесторлар есебінен 120 млн. теңгеден астам қаражат тартылған.
Компания бүгінде 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 18 жоғары санатты білікті мұғалімдер болса, қалғаны – мектеп әкімшілігіне жауапты қызметкерлер мен техникалық персоналдар.
Түркістан облысының білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1381 мектепке дейінгі ұйымда 150 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрады. Жалпы мектеп саны 1 мыңға жетіп 515 мың оқушы білім алуда. Облыста өткен жылы 34 мектеп салынса биыл жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы үш жылда облыста 63 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі.
«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне балаларды тасымалдау үшін биыл жаңа 101 автобус лизингпен алынды. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. 894 мемлекеттік мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңгеге жуық бөлініп, бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылды. Сонымен қатар биылдан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.