ТҮРКІСТАН: ОҚУШЫЛАР ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҢА ҒИМАРАТТА БАСТАДЫ

Түркістан облысында білім күніне орай бірқатар жаңа мектеп пайдалануға берілді. Солардың бірі Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы №6 білім ұясында алғашқы қоңырау соғылды. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев және жауапты сала басшылары қатысып, ұстаздар мен оқушыларды білім күні мерекесімен құттықтады.

Оқу ордасы 200 орындық. Онда тігін және еңбек шеберханасы, акт және спорт залы, асхана бар. Сынып бөлмелері барлық талапқа сай және толық материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.

Салтанатты жиында ата-аналар атынан ардагер ұстаздар мерекелік лебізін жеткізді. Мектепке алғаш қадам басқан бірінші сынып оқушылары білім алуға құштарлықтарын білдіріп, өлең шумақтарын оқыды.

Айта кетейік, Төлеби ауданында 68 мектеп бар. Білім ордаларында 28 мыңға жуық оқушы білім алса, оның 3 мыңға жуығы 1 — сыныпқа қадам басты.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында Кентау қаласы бойынша 28 мектеп есігін айқара ашты. Қалада 1905 мұғалім еңбек етіп, 20 058 оқушы білім алғалы отыр. Соның ішінде 2189 оқушы 1-сыныпқа қабылданған.

Түркістан облысының білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1381 мектепке дейінгі ұйымда 150 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрады. Жалпы мектеп саны 1 мыңға жетіп 515 мың оқушы білім алуда. Облыста өткен жылы 34 мектеп салынса биыл жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы үш жылда облыста 63 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі.

«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне балаларды тасымалдау үшін биыл жаңа 101 автобус лизингпен алынды. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. 894 мемлекеттік мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңгеге жуық бөлініп, бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылды. Сонымен қатар биылдан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *