ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА 19 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында жалпы мыңнан астам мектепте 514 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 907-сі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынса, жыл соңына дейін соның 37-сі пайдалануға беру жоспарланған. Оның 63-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша аясында салынбақ.
Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында 19 білім ошағы оқушыларды қабылдады. Атап айтсақ Сауран, Сарыағаш, Ордабасы мен Түлкібаста және Арыс қаласында 5 мемлекеттік мектеп ашылды. Сондай-ақ 14 жекеменшік мектеп (Түркістан қаласы 3, Бәйдібек 1, Жетісай 1, Қазығұрт 1, Ордабасы 2, Сайрам 2, Сарыағаш 1, Сауран 3) өз жұмысын бастады.
Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 21 мекемеде, атап айтқанда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 13 білім мекемесіне, ал облыстық бюджеттен 8 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 240 пән кабинетінің жабдықтарын алуға биыл 3,1 млрд.теңге бөлінген.
1 қыркүйек күні Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл — қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиды. Аталған оқу орнында аудан оқушыларынан бөлек еліміздің түпкір-түпкірінен оқушылар келіп білім алады. 600 орындық мектепте 300 оқушы бар. 37 педагог жұмыс істейді.
Білім нысанында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық мүмкіндіктері бар. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында арнайы видеокамералар мен Face ID орнатылған.
Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 жекеменшік мектеп ашылу жоспарланса, оның 6 мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *